Шымкенттік науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен

42

Оқырмандарыңымызға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен ақпарат беру мақсатында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбектен сұхбат алуды жөн көрдік.

– Сәбит Райымбекұлы! Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі соңғы кездері жиі сынға ілінгені белгілі. Алайда, шыны керек науқастардың қымбат бағалы медициналық көмек алып, біраз дүниенің қолжетімділігіне алғыстарын білдіріп жатқанына да куәміз. «Бүгінгі әңгіме» барысында халыққа қарапайым тілде МӘМС туралы түсіндіріп берсеңіз. Денсаулық сақтау саласының дамуына және халыққа қандай тиімділігі бар?

Өздеріңізге белгілі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Жинақтаушы болып саналмайды. Қазақта жақсы сөз бар – сақтансаң сақтаймын деген. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, узи, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті ала алады. Естеріңізде болса, КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана тегін көрсетілген. Бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қол жетімді. Яғни, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласы екі көзден қаржыландырылып, бірінші кезекте қарапайым халықтың медициналық көмек алуда көп мүмкіндіктері пайда болды. Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры дерегінде жеткізуші болып табылатын 22 медициналық мекеме КТ, 17 мекеме МРТ және 36 медициналық ұйым сандық рентгенография қызметін көрсетеді. Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалған жоқ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарға шұғыл жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация; амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу; стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түрлері көрсетілуде.

Сәбит Райымбекұлы, шымкенттіктердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде көрсеткіші қандай және халықты сақтандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?Өйткені, тұрғындардың медициналық көмекті алуда сақтандырылуы өте маңызды мәселе екені анық.

Өте орынды сұрақ. Жағдайды объективті бақылау және уақтылы, тиімді шаралар қабылдау үшін былтыр қараша айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Үкімет деңгейінде ведомствоаралық «Жобалық кеңсе» құрылды. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР қаржы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитеті, жергілікті әкімдіктер мен оларға бағынысты басқармалар, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КеАҚ жұмылдырылған. Аймақтарда сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс істеу үшін арнайы штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Ондағы мақсат –МӘМС шеңберінде халықтың толыққанды медициналық көмекпен қамтылуын қамтамасыз ету. Шымкентте халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мәселесіне байланысты құрылған штабқа қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек төрағалық етеді.

Бұл ретте жүйеге жаңа қатысушыларды тарту ғана емес, олардың сақтандырылған мәртебесін тұрақты негізде сақтау да маңызды болып қала береді. Осыған байланысты Қор филиалдары жұмыс берушілер мен қатар жұмыс істеушілер арасында да үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жұмыс өз нәтижесін беруде.

Үкімет басшысы орынбасарының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жанындағы штабтар халық арасында оларды жұмыспен қамту шараларымен немесе жеңілдік санаттарына қосу үшін экономикалық белсенді және еңбекке жарамсыз адамдарды анықтауы тиіс. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасы санатына кіретін адамдар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдардың есебінен төлеу жағы қарастырылуда.

Жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін жарналарды аудармау деректерін анықтау бойынша сервисті іске қосу және қызметкерлері үшін міндетті төлемдерді төлемеген жұмыс берушілер бойынша тексеру жүргізу назарға алынған. Бүгінгі таңда үшінші мегаполис халқының 80 % – ға жуығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. 229 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда. Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 720 735.

 – Сәбит Райымбекұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық ұйымдардағы жоғары технологиялардың дамуына ықпалын тигізе алды ма? Мәселен, кезінде күрделі ота жасату үшін халық елорадаға немес Алматыға барып жасатушы еді.

  • Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқанын дербес сарапшылар да растауда. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде де күрделі ота түрлерін жасау қарқын алған. Қазіргі таңда қалада ЖТМК түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Сонымен қатар адам ағзасын ауыстыру оталары сәтті жасалуда. Былтыр қалалық №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 253 адамға бауыр және бүйрек ағзасын ауыстыру оталарын сәтті жасады.
  • Емдеу процесінде науқастарды оңалту шаралары аса маңызды. Әрине, дәрігерлер барлық ем-домын жасайды. Бірақ, аурудан кейінгі оңалу жағдайына қаншалықты көңіл бөлінуде?

МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша 68 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Мысал ретінде келтірер болсам бір ғана оңалту орталығының өзінде былтыр неврология, травмотология және ортопедиялық бағыттар бойынша 2000-ға жуық науқасқа оңалту шаралары көрсетіліп, талай азамат аяққа тұрды.

Есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.

Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі -дәрмек 131 нозология бойынша босатылуда. Науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен. Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Ал, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.

Сәбит Райымбекұлы, сұхбатыңызға рахмет. МӘМС жүйесі еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамытып, оң серпін береді деген ниеттеміз.