«Соғыста ерлікпен қаза болған ағамның есімі көшеге берілсе»

63

Артында іздейтін адамдары бар болғанда, бізге бейбіт өмір сыйлаған ардақты майдангерлеріміз еш уақытта ұмытылмайды. Қазығұрт ауданы Рабат ауылының тұрғыны Арыскүл Айтымбетова ағасы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған Әшім Сенгірбаевты өскелең ұрпақ білсін деген ниетпен арнамызға келіпті.

Екінші дүниежүзілік соғысқа 18 жасында аттанған жауынгер 1-ші Беларусь майданы 205 гвардиялық әскери полктің құрамында шайқасты. 1943 жылдың жазында фашистермен болған қанды ұрыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Майданға Арыс әскери бөлімшесінен аттанған Ордабасы ауданы Қайнар ауылының тумасы Әшім Сенгірбаев елге оралмады. Сол Белорусь жерінде жерленген.

Арыскүл Айтымбетова, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Соғыста ерлік көрсеткен ағам Әшім Сенгірбаевтың есімі өзі туып өскен Қайнар ауылындағы көшеге берілсе екен. Өзім балалар үйінде тәрбиелендім. Ауылға келгенде ағамның есімімен  аталған көшені көрсем, арманым орындалатын еді. Маған басқа ештеңе қажет емес, тек сол өтінішім қанағаттандырылса болды».

Ақ жаулықты анамыздың Түркістан облыстық ардагерлер кеңесіне, Ордабасы ауданы әкімдігіне өтініш жасағанына төрт жыл болыпты. «Жасым болса 70-те, денсаулығым да сыр беріп жүр. Ағамды білетін адамдар болса, хабарласса. Мен Қазығұрт ауданы Рабат ауылы, Әбдалиев көшесі, 6 үйде тұрамын. Әлемге тыныштық әкелген батырлар ұмыт болмауы керек» деп есептейді жерлесіміз.