Соғыста сіңлісін жоғалтқан әйел Қазақстанда бауырымен қауышуды армандайды

111

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 78 жыл. Алайда қасіреті осы күнге дейін жалғасуда. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз анасының аманатын арқалап, Германиядағы 96 жастағы әжелерінің сіңлісі Лиля Кесманды іздестіруде. Болжамдары бойынша Лиля әжей бүгінде 80-82 жаста. Тұрмысқа шығып тегін де ауыстыруы әбден мүмкін.

Жамбыл облысы Қаратау қаласының тұрғыны Бейбіт Өтелбаевтың Шымкентке келуіне себеп болған маңызды мәселе, 82 жасында дүниеден өткен анасының соңғы аманаты сұрапыл соғыста ажырап қалған сіңлісі Лиля Кесманды тауып, қауышу.

Бейбіт Өтелбаев, Жамбыл облысының тұрғыны: «Менің анам өзі неміс ұлтынан Украинда туып өскен. 1941 жылы соғыс басталған кезде репрессияға ұшырап Қазақстанға Жамбыл облысы Жуалы ауданына келген. Бір отбасында 3 қыз, бір ұл болған».

Бейбіттің анасының үлкен әпкесі 96 жастағы Неля әжей Қазақстаннан 1997 жылы қоныс аударған, бүгінде Германияда тұрады. Арманы соғыс кезінде бір бірінен айырылып қалған сіңлісі Лиляны құшағына басу.

Нели Кесман, Германияның азаматшасы: «Біз 4 бала болатынбыз. Үлкені мен едім.  1928 жылғымын, сіңлім Гертруда 1936 жылғы, інім 1938 жылғы, ең кенжеміз Лиля 1940 жылы маусымда туған. Біз  Қырымнан Қазақстанға 1941 жылы келдік. «Төңкеріс» совхозында тұрдық. Киіміміз жоқ, ашпыз. Осындағы адамдар бізді өз қамқорлықтарына алды. 1942 жылы әкемізді әскерге алып кетті. 1943 жылы ақпанда қара қағаз келді. Анамызда көп ұзамай қайтыс болды. Жетім қалған бізді совхоздағы адамдар алды. Сіңлімді балалары жоқ отбасы бағып алды. Қанша өмірім қалды. Лиляны тапсам, басқа арман жоқ менде».

7 ағайынды Өтелбаевтар отбасы апалары Лиля Кесанды іздестіруді Астана, Бурабай, Жамбыл, Түркістан облысында жалғастыруда. ІІМ көші-қон қызметінен бастап барлық архивтер, әлеуметтік орталықтар, қарттар үйіне хат жолдап, үмітін үзбеуде.

Бейбіт Өтелбаев, Жамбыл облысының тұрғыны: «Барлық жерге  сүраныс хат жібердік, нәтиже болмады. Тек бір жерден  бізде 1957 жылы  балалар үйінен  Шымкенттегі «Эластик» шұлық фабрикасына жұмысқа орналасқан деген анықтама бар. Апамыздың бір белгісі бар екен: аяғындағы соңғы екі саусағы қосылған».

Ұлы Жеңістің алдында апаларымыздың сіңлісі табылып қалады деген сеніммен «Отырар» телеарнасына жүгінген Бейбіт Өтелбаев сіздерден хабар күтеді.

Байланыс телефоны 8 707 806 76 77 Бейбіт Өтелбаев