Түркістан облысы Велоспорт федерациясының президенттігіне Алмасхан Жамбаев тағайындалды

167

 

Алмасхан Бегежанұлы Жамбаев Шардара ауданы, Шардара ауылының тумасы, Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептің түлегі.

Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік Университеттің «Құрылыс материалдары бұйымдарын және конструкцияларын өңдеу» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Сонымен қатар, «Техника және технология магистрі», «Экономика магистрі» академиялық дәрежелерін иеленген.

Қазірге дейін оның жетекшілігімен көптеген нысандар мен ғимараттардың негізі қаланды. Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени нысандарды тұрғызу және абаттандыру жұмыстары, инженерлік инфрақұрылымын салу, сондай-ақ Түркістан облысындағы су шайған бөгеттерді қалпына келтіру, Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданның инженерлік инфрақұрылымдарын жобалау мен құрылысын жасау сынды ірі жұмыстар жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, 2022 жылдың басында орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасында зардап шеккен Жамбыл облысындағы ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, әкімшілік ғимараттарын күрделі жөндеу жобаларымен айналысқан.

Түркістан облысы бойынша волонтерлік және демеушілік бағытында 25-ке жуық жобаның жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындаған.

Былтырдан бері Түркістан облысы Шардара ауданының мәслихат депутаты қызметінде.