Түркістан облысында 102 млн. теңге субсидия алған шаруалардың шот-фактурасы талапқа сай келмеген. Мамандар бұл олқылық мемлекеттік кірістер комитетінің базасындағы техникалық ақауға байланысты орын алды дейді. Одан бөлек тағы бірқатар салада осы сынды кемшіліктер байқалған.
Түркістан облысында 102 млн. теңгеден астам субсидия алған 7 шаруаның құжаты талапқа сай келмейді. Олар тыңайтқышты сатып алмастан, шот-фактураларды қайтарып алу мүмкіндігіне ие болған. Мамандар бұған мемлекеттік кірістер комитеті базасы бойынша электронды шот-фактураның мәртебесін растайтын техникалық шешімдер мен интеграцияның болмауы себеп болған дейді. Сондықтан қазір бірқатар өзгеріс енгізіп жатыр.
«Қазір тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Шектік мән алынып тастау нәтижесінде 8 аудан: Арыс, Қазырғұрт, Мақтаарал, Отырар, Ордабасы, Сарыағаш, Келес, Төлебиде 8 671 шаруа өтінім беру мүмкіндігіне ие болды. Бұған қоса субсидия мөлшерін есептеу нормативі мен тәртібін қайта қарау нәтижесінде субсидия мөлшерін 19 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мәселен бұрын ауыл шаруашылығы тауарын өндіру үшін 7000 м2 суды жұмсау кезінде 1 гектарға егілген жүгері үшін 2814 тг субсидияланған болса, қазір ол 3346 теңгені құрайды», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқарма басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек.
Сонымен қатар антикордың тексеріс жүргізуі барысында құрылыс саласында да бірқатар олқылық анықтаған. Атап айтқанда өңірде уақыты кешіктіріліп, әлі пайдалануға берілмеген 8 ғимарат бар. Мамандар қазір ол нысандарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп жатқанын айтады. Ал құрылыс жұмысы биыл күз айларында бітеді деп көзделіп отыр.
«Белгіленген алгоритмге сәйкес, тапсырыс беруші мекеме және қоғам өкілдерімен бірлесіп құрылыс нысандарын кестеге сәйкес 12 көшпелі мониторинг жүргізіп отырамыз. Есебі ай сайын агенттікке ұсынылып жатыр. Бұл ретте мониторинг жүргізудің мақсаты құрылысты тежеу емес, тиісінше аталған жұмыстарды барынша сапалы және уақытылы жүруін сүйемелдеу», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының офицері Нұрболат Нұрбеков.
Аталған жайттарға байланысты өңір басшысы сөгіс беріп қана қоймай, нақты іс-әрекетке көшу керектігін жеткізді.
«Тұрғызып қойып ұрса беру керек емес, ұрсу ең жеңілі ғой. Біз оларға көмек беруіміз керек. Семинар, тренинг өткізіп, қол ұшін созу жағын қарасаңыздар», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, облыста 80 мыңнан астам агроқұрылым жұмыс істейді, бұл –республикалық көрсеткіштің 33%-ын құрайды. Жыл сайын 30 мыңға жуық агроқұрылымға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өткен жылы 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 37 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биыл аталған салада 39,8 млрд. теңге қаржы қарастырылған.