Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылады. Бұл туралы Бәйдібек ауданында өткен семинарда айтылды. Жиында сонымен қатар тұқымбақтардағы жұмыс сапасын арттыру және көшеттерді күтіп баптау мәселесі көтерілді.
Бәйдібек ауданында былтыр 45 мың жасыл желек отырғызылса, биыл жыл басынан бері 23 мыңнан аса ағаш егіліп жатыр. Оның басым бөлігі қаратал ағашы. Ал бір ғана «Сырдария-Түркістан» тұқымбағы өткен жылы 200 мың көшет босатыпты.
«Орман тұқымбағын дамыту бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Ол жерде көшеттің түрлерін көбейту, сапалы көшет, жергілікті жерге бейімделген көшеттер өсіру біздің жоспарымызда бар», — дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ Боралдай филиалының директоры Бақытжан Қырықбаев.
Ал облыс көлемінде көктемгі көгалдандыру маусымында жарты млн тал егу көзделіп отыр. Оның ішінде 5 мыңы ғана сәндік ағаш. Қазір мамандар өңірді жасыл аймаққа айналдыру үшін тегін көшеттер таратылып жатқанын айтады.
«Әр аумақтарта көшеттерді отырғызу тәсілдері, соны егу мәселесі және аймақтық тұқымбақтарды үйлестіру мәселесін бүгінгі семинарда жалғастырып жатырмыз. Онда айтылатын мәселе, ауылдарға көшеттер тегін беріліп жатыр. Әр ауданға егілген көшеттерді күтіп баптау жұмыстарына, малға жегізбей қарауға тұрғындар өз қол ұштарын берсе дейміз», — дейді Түркістан облысы табиғи ресустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.
Қазір Бәйдібек ауданында 4 гектар аймаққа өсінді егілген. Онда 197 мың көшет бар. Оның ішінде 40 мыңнан аса ағаш тиісті орындарға жіберуге дайын тұр.