Түркістанда теріс діни ағым өкілдері есірткі таратумен айналысқан

0

(Фото: ашық дереккөз)

Түркістан облысында екі ер адам заңсыз қару сақтаумен, есірткі құралдарын таратумен айналысқан.

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Полиция департаменті дәстүрлі емес деструктивті діни ағымды ұстанушыларына қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде екі ер адам ұсталды. Олар заңсыз қару сақтаумен, есірткі құралдарын таратумен айналысты деген күдікке ілінді.

Тексеру кезінде есірткі зертханасы жағдайында ацетилдендірілген опий жасанды есірткі заттарын тарату және дайындау фактісі құжаттандырылды. Есірткі зертханасы Кентау қаласында орналасқан.

Зертхананы тінту кезінде таратуға дайындалған 10 мл-ден 2 флакон опий, марихуана және опий дайындауға арналған химиялық заттар, арнайы жабдықтар, сондай-ақ атыс қаруы табылды. Бұдан басқа діни әдебиет тәркіленіп, тиісті сот сараптамасы тағайындалды.

«Бұл факт Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі, 296-бабы 2-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігімен тіркелді. Тергеп-тексеру жүргізілуде. Сот санкциясымен күдіктілерге күзетпен ұстау шарасы қолданылды»-делінген прокуратура мәліметінде.