Түркістандық 3 жасар бала көкпарда бата беріп, жұртты өзіне қаратты

1449

Түркістан облысы Шәуілдір ауылында өткен көкпарда 3 жасар бала көптің көзіне түсті. Бүлдіршін жиналған көпшілікке бата береді.

Бұл сәттің видеосын ұлттық ойынға арнайы келген көрермендердің бірі ТікТок желісінде жариялады. Онда балақай көпшіліктен қолдарын жаюды сұрап, бата беретінін айтады.

«…Көре алмаған дұшпаның,

Мұратына жетпесін.

Аман да болсын мал басың!

Еш жамандық болмасын.

Үбірленіп үйіңде балаларың көп болсын!»,-дейді бүлдіршін.

Бата беру соңында балақай жұрттың басын қосып, көкпар беріп отырған Өскенбай есімді ер адамның үйінде маңдайы торсықтай егіз ұлдар дүниеге келуін тілейді.

Желі қолданушылары үлкендерше бата берген 3 жасар балаға тәнті болды.

«Дауысыңнан айналайын, құлыным!», «Ботақан, жасай бер! Аман бол», «Көз тимесін! Тіл-көзден сақтасын», «Әумин, айтқаның келсін», «Қазір үлкен қариялардың кейбірі мұндай бата бере алмайды ғой», «Періштенің батасы Жаратушының құлағына шалынсын», «Шынымен де 3-те ме? Менің ұлым 3,5 жаста. Бата бермек түгілі әлі дұрыс сөйлемейді» деп жазды желідегілер.

Желі қолданушыларының пікіріне сүйенсек, балақай Түркістан қаласында тұрады екен.