Жаңа қор арқылы әлеуметтік мәселені шешуге кәсіпкерлер атсалысады

27

Шымкентте корпоративтік әлеуметтік даму қоры қайта жаңғырады. Айтулы қор халықты толғандырған мәселені ерте шешумен айналысатын болады. Бұл ақпарат қала басшысының кәсіпкерлермен кездесуі барысында айтылды. Сонымен қатар жиын барысында қаланың инвестициялық әлеуетін арттыру мәселесі де сөз болды.

«Шымкент – қайырымды қала» корпоративтік әлеуметтік даму қоры қайта жаңғыратын болды. Бұл туралы қала әкімінің кәсіпкерлермен кездесуінде айтылды. Қордың қызметі әлеуметтік маңызы бар мәселені кәсіпкерлердің қайырымдылыққа бөлген қаражаты есебінен шешу. Жобада ашықтықты сақтау мақсатында арнайы сайт та жасақталуда.

«Қордың басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Әзірге мынаны-мынаны істейміз деп айта алмаймыз. Халықтан қандай өтініш түседі соған қарап, кеңес мүшелері шешімін шығарады», – дейді жоба жетекшісі Айжани Нұрланова

Ал жыл сайын жырға айналған ретсіз сауда нысандары мен құрылыс базары бір жерге жинақталмақ. Ол үшін қазір ивесторлар табылып, жобаны пысықтау жұмысы жүріп жатыр.

«Қаламызда ретсіз сауда орындары көп. Ретсізден бөлек заңсыз. Қазір 5 орын анықталды. Ол үшін қазір 3 кәсіпкер қызығушылық танытып жатыр. Солармен келісіп, ретсіз сауда орындарын қаланың шет жағына жинақтайтын боламыз», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Иә, мегаполис инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып келеді. Атап айтқанда соңғы 5 жыл ішінде өңірге 2,2 трилион инвестиция тартылған. Алдағы уақытта тағы Түрік кәсіпкерлері қалаға қаражат құйып, Шымкенттің брендіне айналатын көкөніс өсіруді жоспарлап отыр.

«Alaka Holdings компаниясы кіріп жатыр қаламызға. Тартылған инвестиция көлемі кезең-кезеңімен 650 млн долларға дейін барады. Ол үшін 500 гектар жер керек. Онда жылыжай салу жоспарланып отыр. Қазір 250 гектар бөліп, газ тартып жатырмыз», – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар соңғы 2 жылда бюджеттік қызметкерлер жалақысы 50 мыңға көбейген. Соған қарай қала басшысы жиын барысында кәсіпкерлерге айлық көлемін өсіру туралы ұсыныс тастады. Ал мамандар жұмысшылар напақасы халықаралық стандартқа сай болу керектігін алға тартты.

«Жалақының төмендігі қашан да наразылық туғызады. Еңбек дауына әкеп соғады. Халықаралық талаптарға сәйкес төменгі жалақы деңгейі қалыптасқан орташа жалақының 50 пайызынан төмен болмау керек. Ал Шымкент қаласында орташа жалақы 270 мың теңге. Яғни, Шымкенттің төменгі жалақы көлемі 135 мың теңге болу керек», – дейді Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Бейбіт Қарымсақов.

Шетелден келген кәсіпкерлерге бірқатар талап қойылған. Мәселен, олар салған нысанда еңбек етушілердің 70 пайызы жергілікті халық болуы керек. Сонда ғана әкімдік жер бөліп, инвесторға қажетті жағдай жасалады. Мамандар соның арқасында табыс көлемі артқанын айтады.

«Қаланың негізгі инвестициялық капиталы 2023 жылдың қорытындысымен 724 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Жалпы оның ішінде 15 пайызы мемлекеттен бөлінсе, қалған 85 пайызы жекеменшік инвестиция болып саналады», – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.

Қазір кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында қосымша фронт-офис құру көзделген. Олар бизнес иелеріне ақпараттық сүйемелдеу жасап, олардың арыз-шағымын жинайтын болады.