Экс-басшысынан миллиондар бопсалаған әйел 7 жылға сотталды

51

Түркістан облысында оқу орнының басшысынан ондаған миллион бопсалаған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, сот шешімі бойынша ол жәбірленушіге келтірілген шығынды қайтаруға міндеттелді. 

Түркістан облысында бұрынғы басшысынан миллиондар мен қымбат көлік бопсалаған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Оқиға бірнеше жыл бұрын колледжердің бірінде болған. Оқу орнының лаборанты өзінің сол кездегі басшысымен оның қызметтік бөлмесінде жыныстық қатынасқа түсу сәтін байқатпай бейнежазбаға түсіріп алған.

Артынша оны әлеуметтік желіге жариялайтынын айтып қорқытып, жәбірленушіден аса ірі мөлшерде ақша талап еткен. Алғашында 2500 АҚШ долларын сұраған әйелдің, кейінгі талабы 2,5 млн. теңге болса, кейіннен тіпті ол бұрынғы басшысынан «Hyindai Elantra» маркалы автокөлік алып беруін талап еткен. Әйелдің қылмыстық әрекетін жалғастыруын тоқтатпайтынына көзі жеткен жәбірленуші полицияға арызданған.

«Мемлекеттік айыптаушы айыпты қолдап, сотталушы М.-ға ҚР ҚК-нің 194-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуін белгілеуді сұраған», — деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған істі тергеп-тексеру нәтижесінде 1988 жылы туылған әйелдің айыбы дәлелденген. Ол Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылды.

«Сот шешімімен сотталушы М.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу жазасы тағайындалған»,- деп мәлімдеді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.

Сонымен қатар, сот жәбірленушінің пайдасына 28 000 000 теңге өндірілуін үкім етті. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі таңда аталған іс бойынша аппелляциялық шағым мен өтініш хаттар түсіп, апелляциялық сот алқасында қаралуда.