1 қыркүйекте 19 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі

33

Түркістан облысында биыл 29 «Жайлы мектеп» ел игілігіне беріледі. Ал 2025 жылға дейін өңірде дәл сондай білім ошағының санын 63-ке жеткізу жоспарда бар. Қазір нысандарды сапалы интернетпен қамту жұмысы жүріп жатыр.

Түркістан облысында биыл 29 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. Оның 19-ы 1 қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдаса, ал қалған 10 нысан жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Мамандардың сөзінше қазір сапалы интернет желісін тарту жұмысы жүріп жатыр.

«Оптикалық интернетпен қамту жұмысы жүріп жатыр. 1 тамызға дейін толық іске асырылады. Сонымен қатар 2025 жылы тапсырылатын 34 мектепті де, сол жылдың тамызына дейін интернет желісімен қамтитын боламыз», – дейді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетов. 

Аталған білім ошақтарын күтіп ұстауға, яғни коммуналдық шығындар мен мамандар жалақысы үшін 4,2 млрд теңге жұмсалады. Білім басқармасы оның 2,9 млрды осы мамыр айында бөліне бастайтыны жеткізді. Сондықтан өңір басшысы жауапты мамандарға бөлінген қаражатқа мұқият қарауды тапсырды.

«Біріншіден, директор сайлап, мықты ұжымды жасақтауларыңыз керек. Екінші күтіп ұстауға шығын, бітті, мамандар сол ақшаға сәйкес болу керек. Жәй мектептерден әлде қайда деңгейі жоғары болу керек. Негізгісі сол екеуі. Сосын келесі жылға қалай күтіп ұстайтынын жоспарлап, жұмыс істеу керексіздер», – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, облыста 3 жыл ішінде 63 жайлы мектеп салынады. Ал онда 49 мың бала білім алады деп көзделген. Сонымен қатар, нысанды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мекеменің ішкі бөлігін безендіруде Binom School-дың тәжірибесі ескерілмек.