3 адамды атқан азамат 9 жылдан кейін құрықталды

44
ПД жедел түсірілім кадры

Үшінші мегаполисте 9 жыл бұрын 3 адамды атып кеткен күдікті құрықталды. Сезікті Арыс қаласының тұрғыны.

Ол жанжал кезінде қасындағы адамдарды атқан көрінеді. Жәбірленушілердің бірі ауыр жарақат салдарынан ауруханада көз жұмған. Ал айыпталушы тез арада бой тасалап үлгеріпті. Соған байланысты халықаралық іздеу де жарияланған. Күдікті араға жылдар салып, қамауға алынды.

«Біз әкімшілік аумақты аралау барысында бір апта бұрын бір адам жүрді. Ол бізді көрген сайын басын бұғып, бас киімін басып киіп, көзілдірігін тағып, бізден бұрылып кетіп жүрді. Сондықтан осы азаматты 1 апта бойы тексеріп, іздеудегі азамат екенін анықтадық. Кейін белгілі болғандай, ол 2015 жылдан бері Арыс қалалық ІІБ-да халықаралық іздеуде тұрғаны анықталды. Халықаралық іздеуде жүргенін білгеннен кейін бірден жедел тергеу тобына тапсырдық», — дейді Еңбекші АПБ-ның №35 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік инспекторы Сәкен Ақбаев.

Күдіктітің жергілікті көлік жөндеу орталығына жақында жұмысқа орналасқаны белгілі  болды. Азаматтты жан-жақты тексерген тәртіп сақшысы оқиға туралы дереу жедел-тергеу тобына хабарлап, әріптестерімен бірге қашқынды қолға түсірген. Қазір күдікті қамауда, ол Арыс қаласының құқық қорғаушыларына тапсырылатын болады.