Баласын ұратын ата-ана психологқа баруы керек

191

Бүгінде Шымкент қаласында зорлық зомбылыққа қарсы түрлі бағыттағы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Білім ошақтарында, түрлі мекемелерде арнайы баннерлер орнатылып, ақпараттандыру жұмыстары жалғасуда. Зорлық-зомбылық құрбандары мұндай жағдайға неліктен шыдап жүре беруге мәжбүр? Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар сол жағдайды неліктен ашып айтпайды? Ата-ана баласын ұрса, не істеу керек? Осы және тағы басқа сауалдарға психолог Эльмира Абиева жауап берді.

Зорлық-зомбылықтың қандай түрлері бар және құрбан қайдан пайда болады?

Зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар. Ол сексуалды, физикалық, экономикалық және эмоционалдық. Ал енді «құрбан қайдан болады» деген сұраққа жауап берсем, құрбан болуға бейім адамдар кішкентай кезінен бастап қалыптасады. Мысалы 3 жастағы бала «мен» деп бастаған кезде ата-ана ұрсады, оны тыңдамайды. «Сен білесің бе, әлде біз білеміз бе?» деп баланы кішкентай санап, оның пікірін тыңдамайды. Ол бала не біледі деп жайына қалдырады. Осылайша ата-ана баласына өз қалауын орындатады да балаға таңдау құқығын бермейді. Бала әрдайым ата-анасын жақсы көріп, сол кісілердің қалауын орындап, айтқанымен жүреді. Осылайша ол бала өзін ұмытады. Мұндай баланың өзіне деген сенімі болмайды. Яғни, не қалап тұрғанын білмейді. Міне, осындай себептерден құрбан пайда болады. Яғни басқаның айтуымен жүретін, өзіндік ой-пікірі жоқ адам қалыптасады.

Ал енді кішкентайынан ата-ана қолдауын көріп өскен баланың бойында сенім болады. Ол бала «жоқ» деген сөзді айта алады. Яғни, құрбан «жоқ» деген сөзді айта алмайтын, қарсы шыға алмайтын, өзіне сенімсіз адамнан шығады. Бір мысал келтіре кетейін, мәселен, 4-5 жасар бала тамағы ауырып жүр, бірақ балмұздақ жегісі келеді. Сол кезде «сен ауырып тұрсың, жемейсің» деп бірден ұрсып салады. Ол баламен келісімге келуі керек. Яғни «қазір сен ауырып тұрсың, балмұздақ жесең одан армен қатты ауырып қаласың, сондықтан мен саған жазылған соң алып берейін, жарай ма?» деп түсіндіріп айтып, келісімге келуі керек. Және ол бала жазылған соң, уәдені орындап балмұздақты алып берген дұрыс. Сол кезде баланың бойында сенім пайда болады.

Ал құрбан адам неліктен зорлық-зомбылыққа шыдап жүре береді?

Қазақта сөз бар «барған жеріңде тастай батып, судай сің» деген. Осындай сөздің жетегінде көп қыз-келіншек кетіп қалмай, қиындыққа шыдап жүре береді. Яғни «күйеуің қанша ұрып жатса да шыдауың керексің, сол үйден сүйегің шықсын, бақытты болам деп емес, бақытты қылам деп бар» деген сөздер қыз-келіншектердің кетіп қалуына кедергі болады. Олар кішкентайынан осы сөздерді миына құйып алған. Отбасылық зорлық-зомбылыққа шыдаған әйелдерді тек күйеуі ғана ұрмайды. Бізге келген адамдардың арасында енесі, қайнысы, қайынәпкесі немесе қайынсіңлісі ұрған келіншектер де болды. Өкініштісі «ол әйелдер барлық зорлық-зомбылыққа шыдауым керек» деп жүре береді. Мысалы, біздің қоғамда мынадай жағдайлар да бар. «Пәленшенің әйелі қандай керемет адам. Сабырлы сондай, күйеуінің қанша зорлық-зомбылығына шыдады, мықты әйел, отбасын соңына дейін сақтап қалды, осындай болыңдар» деген сияқты сөзді есту үшін олар бәріне шыдайды. Егер олар бәрін ашық айтса, арыз жазса, онда оны бүкіл ел жек көріп кетеді. Үйдің ішінде болған жағдайды сыртқа шығарды деп масқаралайды. Сондай жағдайға түскісі келмейді.

Сізге өзіңіз айтқан зорлық-зомбылық түрінен қайсысы бойынша зардап шегіп, келетіндер көп?

Маған келген адамдар арасында сексуалды зорлық-зомбылық көріп келгендер көп. Ең қиыны да – оны көбі айтпайды, ұялады. Сол жағдайға өзі кінәлі сияқты қоғамның оған қарсы шығуынан қорқады. Осылайша олар өмір бойы жасырып жүре береді. Физикалық зорлық-зомбылық көрген әйелдер арыз жазады, жан-жағына айтады. Ал сексуалдық зорлық-зомбылық көрген адам айта алмайды, жасырады. Тіпті ол жағдайға өзін кінәлі сезінетіндер де бар. Өзіне айналасындағы адамдар қолдау көрсететініне күмән келтіреді. Бұл да қоғамның қыз-келіншектерді кінәлауға дайын екенімізді көрсетеді. Ал шын мәнінде бұл жағдайға душар болғанына ол әйелдің, не қыздың еш кінәсі жоқ. Және қиыны – сол қыз-келіншектер көбіне өз жақыны тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

Сізге келген адамдардың ішінде кеңесіңізден кейін жасырып жүрген жан жарасын айтқан, не айтқысы келгендер болды ма?

Жоқ, бұл өте өкінішті әрине. Бірақ сонда да айтқысы келмейді. Мейілінше сол «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деп үнсіздікті жалғастырады. Егер ол адам айналасында өзін қолдайтын бір адам бар екенін сезінсе, мүмкін айтар ма еді? Енді бұл сексуалдық зорлық-зомбылықтың туындау себебі де баршылық. Соның бірін айта өтейін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші бала деген кішкентайынан нені көріп өссе, соны істеп көргісі келеді. Осы тұста ата-ана құлағына алтын сырға. Көп жағдайда әкелер ішіп алған соң, үйде кішкентай бала бар екенін ұмытады. Солай баланың көзінше жыныстық қатынасқа түседі. Мұндайда бала санасына жазып қалады, сосын істеп көргісі келеді. Немесе бала деген әлеуметтік желіде көргенін де қайталағысы келеді. Сондықтан ата-ана баланың не көріп, не қойып жүргенін де бақылап отыруы керек. Сол себепті бұл тақырып бойынша да баламен ертерек ашық сөйлесуі маңызды болады. Яғни, бала деген қанша жасында кіммен сондай қарым-қатынасқа баруға болады, кіммен болмайды дегенді түсініп өсуі керек.

Осыдан бірнеше апта бұрын әлеуметтік желіде қызын аяусыз ұрған ананың видеосы тарап кетті. Ата-ана қандай жағдайда баласын аяусыз ұрады?

Мұндай жағдайда ата-ана агрессор болып отыр. Демек ол ананың басқаға деген реніш-өкпесі қара қазандай болғаны. Мүмкін ол қызының әкесі шығар, мүмкін басқа адам. Агрессия осындай біреуге реніштен пайда болады. Әйел адам күйеуіне ашуланып, баладан ақысын алады. Бұл тұрмыста көп кездесетін жағдай. Баласын аямай ұрып салған соң, агрессиясы шығып, кейін барып ойланады. Кейін өкінуі мүмкін. Мұндай адамдар психологқа бару керек. Арнайы маман кеңесіне жүгінген соң ол адамның бойындағы агрессия төмендейді. Мен қазір Еуропалық бір мектептің білімін алып жүрмін. Олар агрессорлармен қалай жұмыс жасау керек бойынша тәжірибесін бөлісті. Бізге де қолданысқа енсе жақсы болар еді. Мысалы, полицияға зорлық-зомбылық көрген адам арыз түсірген соң, тек арыз жазған адаммен ғана жұмыс істемейді. Сонымен бірге агрессормен де жұмыс істейді. Қалай десеңіз, ол адамды міндетті түрде психологқа жібереді. Қаласа да, қаламаса да. Себебі ол адамның агрессиясы қайдан туындап жатыр, себебі не деген сұраққа жауап іздейді. Мүмкін бұрын өзі құрбан болған адам шығар. Осылайша ол адамға психологпен жұмыс істеуді міндеттейді. Бізде бір жақты ғана жұмыс істейді, жұмыс екі жақты болуы керек.

Агрессорлар өз еркімен келе ме, сізге келгендер болды ма?

Иә, сәл мейірімі бар агрессорлар келеді. Олар «мен неге жақыныма қол жұмсадым, неге мен олай жасаймын, бұлай жасағым келмейді, өзімді білмей қалдым, маған жәрдем беріңіз» деп келеді. Бірақ солай келетін адам өте аз. Ал не істесе де өзінінің кінәсін мойындамайтындар мейірімсіз агрессор боп саналады. Өйткені олар өз қатесін түсінбейді.