Бас ми қан тамырындағы алып аневризмаға ота жасалды

40

Облыстық клиникалық аурухана қабырғасында бас миының сол жақ ұйқы артериясында пайда болған алып ісікке операция жасалды. Мамандар мұндай жағдай өңірде сирек кездесетінін айтады. Қауіпті операция Президент іс басқармасы медициналық орталығы дәрігерлерінің қатысуымен өткен.

Түркістандық 48 жастағы келіншектің басында пайда болған алып аневризмаға тіліксіз ота жасалды. Науқас алғашында өз диагнозын білмей басқа ем қабылдап жүрген. Сол аралықта ісік 3 см-ге өскен. Салдарынан науқастың бір беті ұйып, көзінде қитарлық біліне бастапты. Мамандар ісінген тамыр кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін екенін айтқан. Абырой болғанда 6 баланың анасын дәрігерлер аман алып қалды.

«Бірінші кезде сол көзімнен су аға берді. Содан соң жер қозғалған сияқты болып, басым айнала берді. Сосын сол жақ бетім ұйып қала берген соң невропотологқа көріндім. Олар осындай ауру деді. Мен оған дейін нерв тамырларым суықтаған деп ойлап, басқаша емделіп жүрдім», – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Тұрғанкүл Қуатбекова.

Ақ халаттылар бұл дерттің өңірде сирек кездесетінін айтады. Ісік әйелдің сол жақ ұйқы тамырының қабырғасында үлкен көлемде алма тәрізденіп пайда болған. Науқасқа күрделі операцияны Астанадан арнайы келген маман жасапты. Білікті нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев бұл қан қысымының күрт көтерілуі мен темекі өнімдерін жиі тұтынудан пайда болады дейді.

«Облыстық ауруханада бас миындағы алып аневризма деген диагнозбен түскен науқасқа операция жасалды. Операцияның ерекшелігі қан айналысын өзгертетін стент қойдық. Сонымен қатар екінші науқаста мидың 3 тамыры бітелейін деп тұрған. Соған бір мезетте 3 стент қойдық. Екі операция да сәтті өтті», – дейді жоғары санатты нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев

Бүгін Президент іс басқармасы медициналық орталығы дәрігерлерінің қатысуымен неврология бөлімінде 2 ота жасалды. Шеберлік сабағы 4 күнге созылады. Осы аралықта еліміздің әр өңірінен келген 50 ең мықты маман облыс тұрғындарына кеңес беріп, күрделі операциялар жасайды. Сонымен қатар сапар аясында екі жақты меморандумға қол қойылып, жергілікті мамандар Астанада тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.