Үшінші мегополистегі «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің біраз бөлігі қирап жатыр. Ашылғанына үш жылдай уақыт өткеніне қарамастан нысанның бір бөлігі жарамсыз болып, тозығы жеткен. Ал ғимараттың техникалық төлқұжаты да, қабылдау актісі де жоқ болып шықты. Сондықтан қаламыздағы туристер үшін тартымды мекенді жөндеу мүмкін болмай тұр.
Бұл — ескі қаланың қақ ортасында орналасқан «Шымқала» кешені. Мұнда 2018 жылы ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 2021 жылы ашық аспан астындағы мұражай ел игілігіне берілді. Алайда қазір нысанның бір бөлігі жабылып, онда қираған киіз үйлер мен алтыбақандар ғана тұр. Бұған дейін мамандар мақтанышпен айтып жүрген этноауыл іші шөп басып, ғимараттар қабырғасы көгерген. Ал қала қонақтарын күтіп алып, туризмнің дамуына үлес қосып жүрген гидтер мұндағы дәретхананың да жағдайы мәз емес екенін айтады.
«Бізге қонақтар Еуропадан, түрлі елдерден келеді. Оларға мұндағы дәретханалар қорқынышты көрінеді. «Шымқала» қазір жабық тұр. Ертерек ашылса екен. Себебі келушілерге қаламыздың, қазақ халқының тарихын таныстырғымыз келеді», — дейді туристік компания менеджері Муниса Пазылова.
Тарихи нысанды тамашалауға жылына 50 мыңға жуық адам келеді. Мәдениет басқармасы бұл нысанды мердігер мекеме толық салып бітпегенін айтады. Сондықтан қабылдау актісі де алынбаған. Сол себепті қазір қаланың көрікті жерін не жөндеуге, не археологиялық қазба жұмысын жүргізуге мүмкіндік болмай тұр.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешенін салу барысында тапсырыс беруші Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен мердігер мекеме арасында құрылысқа қатысы жоқ жұмыстар туралы мемлекеттік сатып алу шарт жасалған. Аталған учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілмегендіктен кешеннің тіркеу куәлігі (техникалық төлқұжаты) алынбаған. Сонымен қатар, кешеннің жөндеу жұмыстары аяқталғанына қарамастан, тапсырыс беруші мен мердігер арасында тапсыру актісі жасалмады», — дейді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы.
Дегенмен, мәдениет басқармасы нысанды қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.
«Шымқала» кешені туристердің қызығып келетін жері. Өздеріңіз де білесіздер, келушілерге қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпын көрсету маңызды. Сондықтан жастарымызға, туристерге ұлттық нақыштағы дүниелерді көрсетуді көздеп отырмыз. Қазір нысанды қалыпқа келтіру бойынша кәсіпкерлердің ұсынысын күтіп отырмыз», — дейді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.
Кешеннің мәселесімен енді антикор мен прокуратура айналысатын болады. Қазірше этноауыл бос тұрғанмен, тарихи-мәдени кешеннің бір бөлігі келушілерді қабылдай береді деп көзделген.