Дархан Сатыбалды: «Инвесторлар бізге емес, көрші мемлекеттерге кетіп жатыр»

92

«Инвесторлар бізге емес көрші мемлекеттерге кетіп жатыр». Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына барған жұмыс сапарында айтты. Ол шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарды аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Және аудан тұрғындарымен кездесіп, түрлі сұраққа жауап берді.

«Инвесторлардың көрші мемлекетке кетуіне жол бермеу керек» деген Дархан Сатыбалды кей саладағы кемшіліктерді атап өтті. Айтуынша ауыл шаруашылығының өнім көлемі 2023 жылы 66,8 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі тиісті басқармамен бекітілген жоспардан 8 пайызға кем орындалған. Және жеңіл өнеркәсіп өнімі 2022 жылмен салыстырғанда 490 млн. теңгеге төмендеген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін де арттыру керек деді ол.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біздің инвесторларға беретін мүмкіндіктер көптеген көрші мемлекеттен әлдеқайда жоғары. Оны өздері де біледі. Бірақ көп инвестор бізге емес, көрші мемлекетке кетіп жатыр. Сенімділік болмаған соң солай болып тұр. Бұлай болмау керек».

Өңір басшысы Шардара ауданына сапары барысында аудан халқымен де кездесіп, талап-тілегін тыңдады. Ол ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қысқаша тоқталды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың өткен жылы атқарған жұмысы туралы есебі мен осы жылға жоспарын тыңдады.

Арман Қарсыбаев, Шардара ауданының әкімі: «2024 жылдың 3 айының қорытындысымен жергілікті бюджетке 1,2 млрд теңге түсіп, жоспар 144,5%-ға орындалды. Шығыс бойынша жоспардағы 1,7 млрд теңгенің 99,9%-ы игерілді. Жергілікті бюджетті ұлғайту туралы тапсырмаға сәйкес жергілікті бюджет түсімі 577 млн теңгеге ұлғайды. 2024 жылдың 3 айының қорытындысымен 6,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұлар негізінен балық өңдеу, мақта өңдеу, күріш өңдеу және электр энергиясын өндіру кәсіпорындарының көрсеткіші. 2024 жылдың 3 айының қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 4-тен 7 млрд теңгені құрап нақты көлемнен 206,6%-ға орындалды. Ауданымызда жыл соңына дейін жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Және 195 адамды жұмыспен қамтымақпыз. Биыл 57,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын ектік. Жыл басынан бері 3,2 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді».

Кездесуде шардаралықтар инфрақұрылым, ауыз су, кәсіпкерлікті қолдау, жеңілдетілген несие беру, субсидия беру және өзге де мәселелер бойынша сұрақ қойып, өтінішін айтты. Әкім әр өтініш бойынша жауатыларға тапсырма берді.

Одан кейін аймақ басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында тамшылатып суару әдісін пайдалану жұмысымен танысты. Егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «2030 жылға дейін 50%-дан астам жерді су үнемдеу технологиясына өткізу керекпіз. Ол бойынша биылдан бастап жұмыс басталды. Мен «Тұрар» шаруа қожалығына барып, су үнемдеу технологиясын енгізіп, тамшылатып суару әдісімен өнім алып отырғандығын көрдік. Бұл тәжірибені басқа да шаруашылықтарға енгізуді ұсынамын».

Дархан Сатыбалды ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен де кездесті. Олармен зауыт ашу мәселесін талқылап, негізгі талаптарды тсүіндірді. Және мемлекеттен қолдау болатынын да жеткізді.

Одан кейін облыс әкімі Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасына да барды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 млн теңге инвестиция тартылған.

Айта кетейік, Дархан Сатыбалдының әр аудан тұрғындарымен кездесуі жалғасады.