Еңбекші ауданының «Жас құтқарушылары» анықталды

30

Шымкентте «Жас құтқарушылар» додасы өтті. Жарысқа 100-ге жуық оқушы қатысты. Онда қатысушылар алғашқы көмек көрсету, жауынгерлік іс қималдардан сайысқа түсті.

Еңбекші ауданында өткен «Жас құтқарушылар» сайысы қайықта жүзу арқылы Александрова жібін лақтыру- құтқару турынан басталды. Аталған байқау бойынша қатысушылар арасында 43 секундта өз міндетін мүлтіксіз атқарған Әділет Бахидин 1 орынды еншіледі. Осылайша тобын жеңіске жетелеген жасөспірім сайысқа биыл үшінші жыл қатарынан қатысқанын айтады.

«Жарысқа 2 жыл қатарынан қатыстым. Алла қаласа бұл 3 жылымыз. Ал Александрова жібін лақтыру турына келетін болсақ, мен өз рекордымды орнаттым. Сол арқылы өзімнің командама 1 орын алып, жақсы нәтиже көрсеттім. Командамды алға тарттым», – дейді №63 мектептің 9 сынып оқушысы Әділет Бахидин.

Ал жауынгерлік киім бөлімінде №96 мектептің 10 сынып оқушысы жүзден жүйрік шықты. 16 жастағы Бехруз Зайниддин құтқарушы киімін 18 секунд 68 милисекундта киіп үлгерді. Ал қарсыластары аталған тапсырманы 1 жарым минут ішінде атқарып шыққан.

«Мен қазір киім ауыстырудан 18 секундтай уақытта жылдамдыққа киініп шықтым. Бұл жақсы нәтиже деп ойлаймын. Мен қуаныштымын. Біз бұл жарысқа 1 аптадай күн-түн демей дайындалдық. Командамды ақтап шығу үшін бар күшімді саламын», – дейді №96 мектептің 10 сынып оқушысы Бехруз Зайниддин.

Сайысқа 10 мектептен 100-ге тарта оқушы қатысты. Олар 9 тур бойынша өзара кіл мықтыны анықтады. Ұйымдастырушылар мұндай жарыс жастар арасында патриоттық сезім мен құтқару қызметін жетік үйренуге көмектесетінін айтады.

«Жас құтқарушылар арасында төтенше жағдайдың алдын алу, төтенше жағдай кезіндегі іс әрекетті үйрету мақсатында қаланың мектептерінде жас құтқарушылар үйірмесі ашылған. Біз жыл сайын осыған байланысты қалалық, аудандық жарыс ұйымдастырамыз. Онда жауынгерлік киім кию, жіпті лақтыру, адамдарды құтқару, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету сынды іс-шаралар өткізіледі», – дейді Еңбекші аудандық ТЖБ бастығы Төреғали Өркембаев.

Жарыста командалық есепте №63 мектеп 1 орынды иеленді. Ал 2 орынды №68 білім ұясы алса, №96 мектеп 3 -тұғырдан көрінді. Сонымен қатар жүлдегерлерге ақшалай сыйлық табысталды.