1 сәуірден бастап өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменттері тарапынан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялар уақытша тоқтатылуда. Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың бизнеске кері әсер ететінін айтып, шағымданып жатыр. Бұрын электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлейтін бизнес өкілдері үшін баға енді қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиын болуы мүмкін.
Шымкенттік кәсіпкерлер электр энергиясы тарифінің көтерілуіне наразы. Бұған дейін сағатына 1 киловат электр қуатына 23-25 теңге төлеп келген бизнес иелері үшін енді жағдай өзгерді. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті тарапынан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялар уақытша тоқтатылуда. Нәтижесінде, сәуір айының басында «Энергопоток» ЖШС-нің монополияға қарсы орган бекіткен тарифі 1 кВт/сағ электр қуатына қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиынға шықты. Бұл бизнеске кері әсер етеді дейді кәсіпкерлер.
Дәулет Қанашаев, “Бал Текстил” ЖШС директорының орынбасары: «Бізге реттеуші компания керек емес. Біз тікелей аламыз ба, компания арқылы аламыз ба айырмашылық жоқ. Бізге осы мүмкіндік беріп, бұрынғы тарифті қалдырса.. Бұл жерде үлкен проблема кәсіпорындар үшін. Осыны шешіп берсеңіздер. Президентіміз де, премьер-министр бәрі айтып жатыр «отандық өнімді дамытуымыз керек» деп. Ал бұл жерде қазір үш есе баға өсіп жатыр. Кәсіпорындар банкрот болады көбісі».
«Энергопоток» ЖШС-нің әлеуметтік маңызды тауарлар өндірушілерге арнайы тарифі бар, оның құны электр қуатының 1 кВт/сағатына қосымша құн салығымен бірге 33,66 теңгені құрайды. Бірақ, барлық кәсіпкер бір ғана бизнес түрімен айналыспайтыны белгілі. Қалалық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жиында тиісті департамент пен басқарма өкілдері мәселені талқыға салып, кәсіпкерлер талап-тілектерін жеткізді.
Кенжеболат Көшекбаев, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Энергопотоктан» 1 кВт/сағ асырып алып жатсаңыздар, көтерме нарығына өте аласыздар. Мысалы үшін СЭЗ-дер ОЖТ қызмет көрсетпей, тікелей Kegoc-тан алады. Бұл жерде Kegoc-тан алған жағдайда орташа бағасы 23-24 болып шығады. Сондай етіп те алсаңыздар болады дегенім ғой».
Жақып Хайрушев, «Атамекен» ҰКП Энергетика және ТҮКШ департаментінің директоры: «Бүгінгі таңда Шымкент және Түркістан облысы шағын кәсіпорындармен танылған. Барлық ірі кәсіпорындардың көтерме бағамен алуға мүмкіндігі бар. Бірақ, барлығы 1кВт/сағ асыруы керек деп айту дұрыс емес. Бұл мәселені әркім өз жағына тартпай, барлығына оңтайлы жолман шешу керек. Кәсіпорындар жапа шекпеуі керек».
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҰКП энергетика және ТҮКШ департаментіне осы мәселені шешуге қатысты, ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне кәсіпкерлік нысандардың ұсыныстары бойынша электр қуатын жеткізу тарифін қайта қарау туралы ұсыным жасады.