Келестік шаруа екі күн сайын 3 тоннаға жуық қияр жинауда

43

Түркістан облысының Келес ауданындағы шаруалар қиярдан алғашқы өнімді алып жатыр. Қошқарата ауыл округі Бесқұбыр елді мекенінің тұрғыны Мұхамед Қалыбаев 2012 жылдан бері жылыжайда көкөніс егумен айналысады. Шаруа көбіне қызанақ пен қияр егеді. Бүгінде қожалық иелігінде 66 соттық жылыжай бар.

Ақпан айында мұнда 21 мың қияр көшетін отырғызған. Араға 1 ай салып, қияр алғашқы өнімдерін бере бастады. Жылыжайда екі күн сайын 3 тоннаға жуық қияр жиналады. Шаруа дайын өнімдерді Алматы, Астана, Шымкент қалаларына жөнелтеді. Қазіргі таңда қиярдың егістік басындағы құны 1 келіге – 500-600 теңгеден бағаланып отыр. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлықтары 150-160 мың теңгенің арасында.
Айта кетейік, Келес ауданында жалпы 88 гектарды құрайтын жылыжай кешені жұмыс істейді. Ондағы шаруалардың басым бөлігі көкөністің қияр, қызанақ түрлерін жетілдірсе, біршама шарулар құлпынай өсіріп, көшет жетілдіруді жолға қойған. Келес ауданында жалпы 26 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан болса, жергілікті шарулар озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 өнім алу жобасын кеңінен қолдануда.