Нотариус тұрғындарды алдау арқылы үйін сатып жіберген

32

Шымкенттік нотариус өз қызметіне жүгінген тұрғындардың үйін сатып жіберген.
Ол қасына 3 делдал арқылы ақшадан қиналған азаматтардың сеніміне кіріп, құжатқа қол қойдырып алған. Ал жәбірленушілер оның сату және сатып алу келісімшарты екенін білмепті. Осылайша 3 отбасы баспанасыз қалған. Алаяқтың арбауына түскендер саны бұл ғана емес. Күдіктінің ісі сотта дәлелденіп, заңды тұлға 4 жылға, ал сыбайластары 3 және 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан шектелді.

«Сот талқылауы барысында жеке нотариус жәбірленушілердің сеніміне кіріп, олардың осал жағдайын және қызметтік өкілеттігін өз пайдасына қолданып, несие немесе кепіл шартын жасаудың орнына сатып алу-сату шартын куәландырғаны анықталған.
Кейіннен ол үшінші тұлғаларға меншік құқығын бекітіп, Шымкент қаласының әділет органдарына тіркеу туралы келісімді заңсыз жіберген. Қылмыстық іс бойынша 9 жәбірленушіге 47 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген. Шымкент қаласының тұрғындарынан нотариустардың қатысуымен жылжымайтын мүлікке құжаттарды ресімдеу кезінде абай болуды, қажет болған жағдайда заңгерлерден кеңес алуды сұраймыз», — дейді қала прокуратурасының ресми өкілі Жанерке Атыкаева.

Айта кетейік, келтірілген шығын әлі өтелген жоқ. Ал нотариус 4 жыл бұл салада жұмыс істеу құқығынан айрылды.