Түркістан облысы Ордабасы ауданында 7 баланың әкесі су тасқынынан зардап шеккен Атырауға гуманитарлық көмек жөнелтіп жатқанда көз жұмды. Оқиға 13 сәуір күні Бадам елдімекеніндегі темір жол станциясында болған.
Журналист Диас Нұрақынның желі парақшасында жазуынша, 37 жастағы ер кісі жерлестерімен бірге Атырауға көмекке аттанбақ болып жүк көлігін вагонға артып жатқанда оқыстан көлік доңғалағы вагоннан тайып кетіп, ер адам өз көлігінің астында қалып қойған.
Марқұмның артында әйелі және кәмелет жасына толмаған 7 баласы қалған. Балаларының ең үлкені – 16 жаста, кенжесі 2-де.
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, қаза тапқан ер адам Ордабасы ауданындағы Ынталы ауылында тұрған. Ата-анасынан ерте айырылған ол отбасымен інісінің үйін паналаған. Мүгедек інісін өз қолына алып, кімге көмек қажет болса, қол ұшын созуға асығып тұратын азамат болған екен.
Белсенділер қара жамылған отбасыға көмек болсын деп қор ашып, баспана алып беруді көздеп отыр.
(Фото: facebook.com)