Қала әкімі сенбілікке шықты

68

«Таза Қазақстан» республикалық акциясының алғашқы аптасы да аяқталып қалды. Әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтетін экологиялық шара Шымкентте де жалғасып жатыр. Бүгін сенбілік акциясы аясында Ордабасы алаңы мен Қошқар ата өзенінің маңайында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Үшінші шаһардың тазалығын сақтауда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те белсенділік танытты.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы шырайлы Шымқалада да жалғасып жатыр. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Осы сенбілік акциясы аясында Ордабасы алаңы мен Қошқар ата өзенінің маңайында да тазалық жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға жалпы саны 56 арнайы техника мен жергілікті тұрғындар жұмылды. Сенбілікте аумақтағы қураған ағаштар қырқылып, шөптер оталды. Ирригациялық жүйелер, аяқжолдар мен көше бойы тазаланып, күл-қоқыстар шығарылды. Республика көлемінде өтіп жатқан аякцияда мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков те белсенділік танытты.

Мұхтар Төлешов, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Бұл акция тек Қошқар ата аумағында өткізіліп жатқан жоқ. Сенбілік ауданымыздың орталық көшелері Тәуке хан даңғылы, А. Байтұрсынов көшесі, Түркістан көшелерінде де өтіп жатыр. Сенбілікке комуналдық қызметкерлерден бөлек, аудан аумағындағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесі, және тұрғын үй төрайымдары, жалпы ақсақалдар мен барлық тұрғын белсене атсалысып жатыр. Жалпы бүгінгі сенбілікте жоспар бойынша 130 куб қоқыс шығады деп күтілуде»

Негізі Қошқар ата өзенінің бұл аумағында Дендрологиялық саябақ қызметкерлері тазалық жүргізеді. Тазалық сақшылары мұнда келген демалушылардың көп жағдайда маңайды ластап кететінін айтады. Олар осындай акциялар арқылы қала тұрғындары да біздің жұмысты түсінсе екен дейді.

Маратжан Есімбеков, тазалық қызметкері: «Бұл Қошқар ата учаскесі бізге, Дендрологиялық саябаққа қарайды. Дендрологиялық саябақтың бір учаскесінде бізде 20-ға жуық адам қызмет етеді. Мұнда демалушылар көп жағдайда айналаны ластап кетеді. Қоқыстарын арнайы жәшіктерге салмайды. Әр адам өз қоқысын жинап үйренсе, болашақта оның баласы да немересі де тәртіпке бағынады ғой. Бауыржан Момышұлының сөзі бар ғой, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген»

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір мен 11 мамыр аралығында жалғасады.