Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық филиал мүшелері “Жүректен жүрекке” акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде төсек орындары, азық-түлік пен гигиеналық заттар бар.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Атырауға гуманитарлық көмек жіберді. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға «Жүректен жүрекке» акциясы аясында әр ұлт өкілдері қолдан келгенше қол ұшын созуға әзір. Соның бірі өзбек этносы. Олар бір Газель тола көрпе мен ауыз суын жеткізіпті.
Тахирбек Нышанбаев, Шымкент қалалық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы: «Ассамдлея мүшелері болып жатқан жағдайға қарап тұрмай қолдан келгенше Шымкент қаласының тұрғындары мен Ассамблея мүшелері көмегімен «Жүректен жүрекке» акциясы аясында осындай көмек көрсетіп жатырмыз. Бүгінгі ораза кезіндегі тілегім еліміз аман болсын. Алла сабыр берсін. Мынау құлаған үйлердің орны толсын»
Ассамблея мүшелері 10 адамнан тұратын арнайы штаб құрған. Олар 2 күннің ішінде 20 тонна өнім жинап үлгеріпті. Оның ішінде төсек орын жабдықтары, азық-түлік пен гигиеналық заттар бар. Жөнелтілген заттардың жалпы сомасы 10 млн. теңгені құрайды.
Юрий ПАН, штаб басшысының орынбасары: «Құрметті отандастар қазір еліміз үшін қиын қыстау уақыт. Осы кезде біздің Ассамблея мүшелері де қол қусырып қарап қалмай, өз көмегін тигізуді жөн санады. Сондықтан тонналап бұзылмайтын азық-түлік жинап, тауарларды жөнелткелі жатырмыз. Еліміз аман болсын»
Айта кетейік, гуманитарлық көмекке заттар Шымкенттегі 2 Достық үйінде қабылданып жатыр. Оның бірі Желтоқсан көшесі, 9/3 мекен жайында болса, екіншісі Тассай шағынауданы 226-орам №353 нысанда орналасқан. Мұнымен игі іс тоқтап қалмайды. Әлі де тасқыннан зардап шеккен азаматтар үшін жылу жиналуда.