Шымкент жастары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жіберді

32

Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жолданды. Шымкент жастарының бастамасымен бүгін 10 тонна зат тиелген 2 жүк көлігі жолға шықты. Онда азық-түліктен бастап, киім-кешек сынды барлық керекті заттар қамтылған.

Шымкенттен су тасқыны болған өңірлерге гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Бір ғана жастар ресурстық орталығынан бүгін 10 тонна зат тиелген 2 жүк көлігі жолға шықты. Ғимаратта 29 наурыздан бастап гуманитарлық көмек қабылдайтын бекет іске қосылған еді. 130-ға жуық еріктілер тобы күнделікті жиналған қажетті заттарды сұрыптап, арнайы қорапта жинақтап отырды.

Әсел Темірбай, ерікті: «Елімізде орын алып жатқан жағдайларға байланысты 29-нан бастап осындай көмек бекеттері ашылып жатыр. Мен ЖРО-дағы бекетке көмек қолын созуға келіп тұрмын. Еріктілікпен айналысқаныма 2 жылдан астам уақыт болды. Және де осы қиын қыстау уақытта бір-бірімізге көмек беріп, қолдау көрсетуіміз керек»

Орталықта ашылған көмек бекеті санаулы күн ішінде ақ қажетті керек-жарақты жинап үлгерген. Оның ішінде ұн-майдан  бастап, күнделікті тұрмыста қолданатын барлық өнім түрі қамтылған.

Бағлан Дүйсенбайұлы, Шымкент қаласы ЖРО басшысының орынбасары: «Елімізде болып жатқан жағдайға байланысты Шымкент қаласының тұрғындары мен кәсіпкерлері және жастары өздерінің көмектерін беріп, бүгінгі күнде сағат 16:00 шамасында 2 Газель, жалпы көлемі 10 тоннадан астам азық-түлік, бірінші керек-жарақ заттарды Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының Ойыл ауданына жолға шығады»

Шымкент жастары атынан жолға шыққан көлік 1 жарым күннің ішінде діттеген мекен-жайға жетеді деп жоспарланып отыр. Мегаполис белсенділері мұнымен тоқтап қалмай, қажетті өнім жиналса алдағы уақытта тағы да көмек жіберуге ниетті.