Шымкентте диабеттік табан синдромына шалдыққандарға тегін ота жасалды

116

Шымкентте диабеттік табан синдромына шалдыққан науқастарға МӘМС шеңберінде тіліксіз ота жасалып жатыр. Бүгін №2 қалалық клиникалық аурухасында шетелдік мамандардың қатысуымен күрделі операциялар өтті. Миллиондаған қаржы тұратын оталарды тегін жасату үшін не істеу керек?

№2 қалалық клиникалық ауруханасында бүгін қант диабетіне шалдыққан үш науқасқа ота жүргізіледі. Операциялар диабетті табан синдромына шалдыққан науқастарға жасалады. Бұл отаның ерекшелігі – аяқты ампутациядан аман сақтап қалу.

Нұржан Қарабаев, рентген-хирург дәрігер: «Қант диабетімен ауыратын науқастарда аяқ тамырлары жабылып, аяғында жаралар пайда болып ампутацияға алып келуі мүмкін. Сол тамырларын ашу арқылы, аяқтың жарасын тазалау арқылы, аяқтың ампутациясының алдын алып, үлкен инвалидность не болмаса өлім жағдайының алдын алу операциялары жүргізіледі».

Биыл 1 сәуірде аурухана базасында диабеттік табан орталығы ашылды. Бұл Шымкент қаласындағы алғашқы орталық. Мұндағы операциялар МӘМС жүйесі негізінде тегін жасалады. Дәрігерлер операцияның тіліксіз және ауырсынусыз жасалатынын айтады. Онда аяқ тамырының ішіне арнайы катетер, баллондар немесе стендтер қойып орнатады.

Ертөстік Тезекбаев, хирург: «Аяқ-қолдың сезбеушілігі пайда болады. Жарақаттанған кезде, бірдеңені басып аяғын кесіп алған кезде, байқамай қалады. Сол себепті жаралар пайда болуы мүмкін. Пайда болған жаралардың тезірек жазылмауының себебі – қан тамырларының жетіспеушілігі, нерв жүйелерінің жетіспеушілігі. Сол себепті ұзаққа созылады».

Бақытжан Позилов, №2 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
«Үш операция жасалады. Біріншісінің құны 800 мың теңге, екіншісі 1 млн 200 мың, үшіншісі де 1 млн 200 мың теңге тұрады. Егер науқас өз қалтасынан төлейтін болса, мұны екінің бірі көтере алмайды. Күніне 1-2 операция жасалып жатыр. Әрине, науқастар өте көп. Диабеттік табан орталығын ашудың негізгі мақсаты ампутациядан аман алып қалу».

Қазір Шымкентте диабеттік табан синдромына жасалатын оталар Мәскеуден келген арнайы мамандармен тәжірибе алмасу арқылы өтуде. Миллиондаған қаржы тұратын операцияны Қазақстанның кез келген тұрғыны медициналық сақтандыру арқылы тегін жасата алады. Ақ халаттылар бүгігі таңда үшінші мегаполисте атаулы саланың мамандары жеткілікті екенін айтады.