Шымкенттегі иесіз ит-мысықтардың жай-күйі, қаланың ауыл шаруашылық саласын дамыту және тағы басқа салалас сұрақтарға Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекембаев жауап берді.
– Шымкент қаласында қанша ауыл шаруашылық нысаны тіркелген?
– Бізде 6 мыңға жуық шаруашылық тіркелген. Шаруа қожалықтары көбейіп жатыр. Мысалы еттің өндірісі 10 мың тоннаға жуық, сүт 60 мың тоннаға, жұмыртқа 170 миллион данаға жетіп, көлемі өсіп жатыр. Және де 50-ге жуық қайта өңдеу кәсібі ашылған. Былтыр 151 миллиард теңгенің жалпы өнімі өндірілді. Ірімшік көлемі 2 есеге, сарымай 3 есеге өсіп жатыр. Біздің қала аумағында 26,5 мың гектарға егістік егілді. Сол жерден 86 мың тонна өнім жинауды күтіп отырмыз.
– Биылғы егістік науқанынан қанша және қандай өнім алуды жоспарлап отырсыздар?
– Қаламызда 56 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық пайдаланудағы жер бар. Біз қала болған соң ауыл шаруашылық мақсатында арнайы жер жоқ. Елдімекен жерін пайдаланамыз. Елдімекен жері болған соң қажет кезде құрылысқа да алынады. Сондықтан азаюы да мүмкін. Биыл 26 500 гектар жерге егін егуді жоспарлғанбыз. Оның ішінде басым бөлігі дәнді-дақыл. 10 мың гектардан аса майлы дақылдар бар. Көкөніс-бақша өнімдеріне 3 гектардай жер, мал азық дақылдарына 9 гектар жер бөлінді. Жалпы көлемі 86 мың тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Оның 10 гектары күздік өнім болып есептеледі. Қазір егістік басталып кеткен. Шаруаларға жеңілдетілген бағада дизель отын беру көрсетілген. Қазір 36 тонна отынға өтініш түскен.
– Ал егістікке қажетті су жеткілікті ма?
– Иә, біз бұл мәселені қарастырдық. Бізде су тапшылығы бар, әрине. Бізде 37-ден астам канал бар. Бірақ оның бәрі егістік басына бармайды. Бізде қазір 8700 гектардай жер суармалы болса, қалғаны суармалы жер емес. Бірақ біз қазір Президенттің үнемдеу технологиясын қолдануға бет бұрыңдар деген тапсырмасын орындамақпыз. Технологияға бет бұрып жатырмыз.
– Егін шаруашылығына баса назар аударылып отырғанын айтып отырсыз. Биыл шегірткемен күреске қанша қаржы қаралды?
– Биыл конкурстық тәсілмен өткізіліп, мердігер анықталды. Қандай дәрі-дәрмек қаралатыны белгіленді. Шегіртке басуы ықтимал белгіленген аумақтар бар. Енді жұмыс бастаймыз. Осы кезде бір айта кететін жайт, жұмыс басталған кезде шаруаларды хабардар етеміз. Себебі бұл дәрінің құрамында сан түрлі химикат бар. Сондықтан басқа өнімдерге және адамдарға зияны тиіп кетпейтіндей етіп жасауымыз керек. Биыл шегірткемен күреске 6 миллион теңгеге жуық қаржы қаралып отыр.
– Шымкенттегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына кедергі келтіріп тұрған қандай басты мәселе бар?
– Бізде ең басты мәселе – жер мәселесі. Біз енді қала болған соң басқа облыстардағы сияқты ауыл шаруашылық мақсатында қолданатын жер жеткілікті емес. Осы жер мәселесі шешілсе, ауыл шаруашылық саласында біраз алға жылжу болар еді. Бұдан басқа айтарлықтай мәселе жоқ. Қолдау бар.
– 2024 жылға қанша теңге көлемінде инвестиция тарту жоспар бар?
– Биылға 16 миллиард теңгеге 14 инвест жоба жасау жоспарда бар. Оның ішінде сүт өндіретін, мал азығын шығаратын зауыттар бар, көкөніс сақтау қоймалары, құс фабрикасы бар. Мұның бәрін жүзеге асырып жатырмыз. Және жақында жылыжай соғу үшін түрік инвесторлары келген. Осындай жобаның бәрін іске асыруды жоспарлап отырмыз. Біз былтыр да жоспардағы 15 миллиард теңгенің инвесторын тартып орындадық.
– Біз жақында барып, иесіз ит-мысақтарға арналған орталық ғимаратының құрылысын көріп қайттық. Бұл не орталық, ол жерде жан-жануарларды қалай ұстайды, осы туралы айтып беріңізші?
– Иә, иесіз жан-жануарларды орналастыру бойынша бірқатар мәселе туындады. Қазір уақытша ұстау орталығы жұмыс істеп жатыр. Бұл орталық Бадам тұрғын алабында орналасқан. 350 ит, 150 мысық сыяды. Қазір онда 600-дей ит ұсталып отыр. Жағдайы мәз емес. Ал енді бұл жаңа орталық сол мәселені шешуге арналған. Өздеріңіз көргендей, жаңартылған. Барлық стандартқа сай келеді. Вольерлер бар. Әр итке бөлек орын бар. Қыста және жазда ұстайтын бөлмелер, мысықтарға арналған бөлмелер, карантинге бөлек ұстау бөлмелері бар. Жуындыратын, операция жасайтын орындары бар. Ауырса емдейтін, ота жасайтын бөлмелер салынған. Ұсталған иесіз жан-жануардың бәрін бұл орталықта ұстамайды. Ұстап, осында әкеліп, вакцинация салып, кастрация жасап, қайтадан мекен ету ортасына жібереді.
– Жан-жануарларды чиптемесе, айыппұл салынып жатыр ма?
– Иә, жыл басында 15 адамға айыппұл салынды. Қазір де салынып жатыр. Бұл жергілікті полицияның құзырына берілген. Егер иесі жоқ болса, оны арнайы орталыққа алып кетеді. Ал иесі табылып жатса және ол чиптелмеген болса, жануарына жауапкершілікпен қарамағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
– 2024 жылы жануарлар арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Бұл бағытта қанша қаржы қаралды?
– 2024 жылы жануарлар арасында таралатын аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында 14 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы 1 421 750 манипуляция, 29 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы 240 105 диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында жергілікті бюджет есебінен осы жылға 326,4 миллион теңге қаржы қаралған. Ағымдағы жылдың 3 айлық қорытындысы бойынша сібір жаарсына қарсы 20 357 басқа құтыру аурына қарсы 20 040 ьасқа вакцияналау жұмысы жүргізілді. Ал бруцеллез аурыуна қарсы 15 816 ьас диагностикалық жерттеу жүргізіліп, 1 бас оң нәтиже көрсетіп, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес зарарсыздандырылды.
Бұдан бөлек құтыру ауруының алдын алу бойынша биыл қала аумағында 6443 бас ит-мысық ауланып, оның ішінде агрессивті және емделмейтін аурумен ауыратын ит-мысықтар тыйым салынбаған препараттармен жансыздандырылды.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР