Түркістан облысында 4 жылда 2,2 трлн. теңгенің инвестжобасы жасалады

80

«Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – басты бағытымыз» деген облыс әкімі бұл бағытта бірнеше аудан, қалада ғана қозғалыс бар екенін айтты. Оның сөзінше көп аудан әлі тапсырманы орындамаған. Өңір басшысы ірі инвестор тарту жұмысында нәтиже шығармаған әкімдермен қоштасамыз деді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қандай салаға қандай инвестиция тартылатыны зерделеніп, жұмыс жүргізілсін. Тек әкімдіктер емес, басқармалар да өз салалары бойынша инвестициялық мүмкіндіктерін, жоспарларын ұсынсын. Мәселен, медицина, туризм, ауыл шаруашылығы, спорт салаларына инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыруға болады. Білім мекемелерінің жиһаздарының бәрін өңірден шығаруға әрекет жасалып жатыр. Енді өзге өңірлерді, мемлекеттерді қамту жағын ойлану керек. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу бағытында жұмыстар үздіксіз жүргізілуі қажет. Нәтиже жоқ әкімдермен қоштасамыз».

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, алдағы уақытта инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Ол үшін өңірде 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.

Нұржігіт Мырзахметов, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы: «Жобалардың жалпы құны – 2,2 трлн. теңге, 18 263 жұмыс орны ашылады. жоспарланған. Оның ішінде, 2024 жылы жалпы құны 121,8 млрд. теңгеге 2270 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 44 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Барлық аудан, қалада инвестициялық жобалар жүзеге асуда».

2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн 133,8 млрд теңге көлемінде бекітілген. Айта кетеейік, 2023 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 857,6 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 190,1%-ға орындалған.