Түркістан облысында жаңа технологиялы суару жүйесіне басымдық беріледі

27

Түркістан облысында тамшылатып суару жүйесі қарқын алады. Ол үшін жаңа технологияға қажетті құрылғылар шығаратын зауыт іске қосылмақ. Қазір дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр.

Биыл Түркістан облысында су үнемдеу технологиясына басымдық беріледі. Мамандар 22 мың гектар жер жаңа жүйеге көшеді деп жоспарланған. Қазір 14 мың гектарға жуық алқапта егін егу жұмысы басталған. Оның 5800-і тамшылатып суару болса, 8100-і жаңбырлатып суғаруды қолға алуда.

«Жұмыс жүргізіліп жатқан 13 969 гектардың 3823 гектарында, яғни 280 шаруа қожалық тамшылатып суару жүйесін енгізді. Бұл 17 пайыз. Ал кей аудандарда мұны енгізу жұмыстары басталған жоқ. Олар Ордабасы, Отырар, Сауран, Созақ және Кентау қаласы», – дейді Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Қазір 44 шаруа қожалығы 10 мың гектар алқапқа жаңа технологияны қолдану үшін құжаттарын әзірлеп жатыр. Ал 300 млн. теңге аграрлық несие алуға 2 шаруа өтініш білдіріпті. Десе де әлі күнге жаңа жүйеге көшуге асықпайтын аймақтар бар. Сондықтан өңір басшысы аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

«Есеп, дайындық болғаннан соң, сендерде тапсырма бар. Болды. Аудандарда мынадай көрсеткіш, мынау бар, мынау жоқ. Маған шешім керек. Аудандарда шаруаларға жұмысты қалай жүргізетінін көрсетулеріңіз керек. Әрбір шаруаны танисыздар ғой. Субсидия беріп жатсыздар. Солармен сөйлесіп, сіздер өздеріңіз басшы болып, көрсетіңіздер. Өйтпесек мына тірлігіміз болмайды», – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Алдағы 2 ай көлемінде Сауранда жаңа технологияға қажетті заттарды өндіретін кәсіпорын ашу көзделген. Онда тамшылатып суғару құбырын, шланг және өзге де құрылғылар шығарылады. Жиын барысында мамандар қазір инвесторлармен келісімшарт жасалып қойғанын жеткізді.