Түркістанда 58 мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылды

232

Түркістан облысында 58 мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылып, оларға 9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегілер мемлекеттік 58 мектептің біліктілік талаптарға сәйкестігіне жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша лицензиялау нормалары бұзылғандығын анықтаған. Атап айтқанда, 400-ден астам педагог біліктілігін арттырмаған, жұмыс оқу жоспары сәйкес емес, медициналық кабинеттер лицензияланбаған, асхана санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз қызмет атқарған. Сонымен қатар аталған білім ұяларында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін акт болмаған, физика, химия, биология кабинеттері жоқ, edu. kz аймағында үшінші деңгейдегі домендік атауы жоқ, ауыз су бұрқақтары қарастырылмаған. Бұдан өзге мектептердегі ”Ұлттық білім беру дерекқоры» ақпараттық жүйесіне (НОБД) сәйкес болмай шыққан және де ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жағдай жасалмаған.

«Департамент мектептердің білім беру қызметімен айналысатын лицензиясын уақытша тоқтатты және 9 миллионнан астам айыппұл салды. Мектеп басшыларына бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді» деп жазды желі парақшасында департамент басшысы Ғалымжан Алматов.

Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылдың 24 қарашадағы № 473 бұйрығына сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер немесе лицензиялау нормалары бойынша бұзушылықтар жойылмаған жағдайда мектеп лицензиядан айырылады.

(Фото: pixabay.com)