Түркістан облысында аса қауіпті марокколық шегіртке көбейіп барады. Былтыр аталған зиянкестер 100 мың гектер алқапта байқалса, биыл негізгі ошағы 270 мың гектарға жеткен. Сондықтан арнайы штаб мүшелері Арыс қаласында жиналды. Онда шаруашылық үшін қауіпті жәндікпен күресу жолдары талқыланды.
Түркістан облысында аса қауіпті марокколық шегірткенің таралу аймағы кеңейген. Сәйкесінше саны да артып барады. Сондықтан мамандар егіс алқабын сақтап қалу үшін ерте қамдану керек екенін айтады. Биыл зиянкестің көбеюіне байланысты өзге өңірлерден де көмекке мамандар шақырылыпты.
«Марокко шегірткесі Түркістан мен Жамбылда ғана бар. Олар аса қауіпті зиянкес болып саналады. Сондықтан республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Қауіпті деп айтатын себебі олар үйірімен жүріп, жүрген жерінің бәрін жайпап, жердің шаңын шығырып кетеді», — дейді «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ басшысының м.а Талғат Жанбаев.
Бірнеше жылдан бері аталған жәндіктер аймақта қаптап, шаруашылыққа кедергі келтіріп келеді. Облыс әкімі былтыр атқарған жұмыстар нәтиже бермегенін айтады. Сондықтан биыл талап күшейіпті.
«70 мың гектар еді. Оны 270 мыңға жеткізіп тастадыңдар. Дәріні шашқан кезде неге дұрыс жұмыс жасамайсыңдар? Әлде ендігі жылы жұмыс болмай қалады деп әдейі істейсіңдер ме? Егер шаруалар қиналса ертең ақшасын өздерің өтеп бересіңдер», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Қазірдің өзінде шегірткелер тобы жиналып үлгерген. Сондықтан өңір басшысы жоспарлы жұмысты 10 күн ішінде атқаруға тапсырма берді. Зиянкестің негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болып табылса, соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби сынды 7 ауданға да тараған. Күрес жұмыстары жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, әуемен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделіп жатыр.