Түркістандық ұстаз ерекше өнер түрін қолға алған

1

Түркістандық мектеп мұғалімі ерекше өнерді қолға алды. Ол стринг-артты әлеуметтік желі арқылы үйреніп, қазір қазақ зиялыларының бейнесін кескіндеп жүр. Ол үшін бар болғаны 2-ақ зат керек екен, – деп хабарлайды ASTANATV.

Ордабасы ауданына қарасты Балтабай Нұрлыбеков атындағы мектеп оқушылары қол өнерге бейім. Оны білім ордасының табалдырығын аттағаннан-ақ байқауға болады. Жуырда көркем еңбек пәнінің ұстазы Айнұр Сапарқызы ерекше өнерді қолға алыпты. Ол ағашқа шегемен кескін салып, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялыларының бейнесін жасап шыққан.

Ізденімпаз педагог сринг-арт өнерін әлеуметтік желіден көріп, қайталап көруді ұйғарғанын айтады. Ерекше әдіс түрін бірнеше ай бақылаған ол, бұл хоббиды ұлы ақын Абай бейнесін жасаудан бастаған. Айнұр Сапарқызы шабыттанып отырып, алғашқы қолөнерді бір түннің ішінде жасап шықтым дейді.

«Өзім мүсіндер жасағанды жақсы көремін негізінде, сурет салғанды жақсы көрем… Ең алғаш өзіме қатты ұнағаны –жіптен кәдімгі бейне шығару, былай қарап тұрсаң оңай дүние емес, бірақ, білмеймін енді, өзіме қатты ұнады. Сосын қазақтың тұлғаларын жасайыншы деп бірінші қолға алдым», – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айнұр Сапарқызы.

Айнұр Сапарқызы стринг-артты әзірге бір оқушысына ғана үйретіп жүр. Себебі кескінді шығару үшін шеге мен балға қолданатын болғандықтан, оқушылар абайсызда жарақат алып қалудан қорқатын көрінеді. Ал ұстазынан көргенін бар ықыласпен қайталауға тырысатын Кәусар ұлы тұлғаларды бейнелеу бастапқыда оңайға соқпағанын айтады.

«Стринг-арт шыдамдылықты өте қатты талап етеді. Төзімділікті және де қолдың икемділігі ол өте маңызды болып саналады. Бара -бара қызықтым. Өйткені бұл өнер адамның ой-санасын және де қолының шеберлігін дамытады. Өте қызықты бұл өнер. Және ұлы тұлғалардың бейнесін жасау деген өте керемет нәрсе деп айтсам болады», – дейді оқушы Кәусар Құрақбаева. 

Бір жұмысты жасап шығуға 4-5 сағат жеткілікті дейді еңбекқор ұстаз. Ал Алаш көсемінің бейнесін аяқтаса, Айнұр Сапарқызы қазақтың қос шынары Әлия мен Мәншүк, үш бәйтерек пен бес арыстың бейнесін кескіндемек.