Жеңістің 79 – көктемін екі майдангер қарсы алуда

40
фото Отырар Мұрағат

Жеңістің 79-шы көктемін елмен бірге Шымкент қаласының тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұраталы Төлепбергенұлы, Нина Егоровна Мосунова да қарсы алуда. Жаскешу аулының тумасы Мұраталы Төлепбергенұлы, Алла бұйырса, биыл 20 мамырда 99 жасқа толғанын тойлайды.

Екінші дүние жүзілік соғысқа Мұраталы 1943 жылы небәрі 18 жасында аттанды. Неміс басқыншыларымен болған қанды шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» Екінші дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдерімен марапатталған.

Жауынгер Еуропа елдерін фашистерден азат етуде  аянбады. 1950 жылы елге оралған  майдангер Түлкібастағы МТС еңбек етеді. 2014 жылы  ардагерге мемлекет тарапынан  Шымкентте пәтер  беріледі. Бүгінде қария  балаларының қамқорлығында немере, шөбере сүйіп отыр.

Биыл 9 наурызда 100 жасқа келген Нина Егоровна Мосунова Әл- Фараби ауданында тұрады. Неміс басқыншыларымен соғысқа өз еркімен 1942 жылы аттанған Нина телеграфист болып, кейін радистер бөлімінің командирі болды.

Батыл қыз майданда Қызыл Әскери дивизия, полк, бөлімдердің  бірі-бірімен байланысын қандай жағдай болмасын тез арада орнатуға тырысты. Қайсарлығы үшін бірнеше орден, медальдермен марапатталған. Шымкентке Нина 1948 жылы көшіп келді. Осында отбасын құрып, қаладағы кәсіпорындарда адал еңбек етті.

Бір ғасыр өмір сүрген әжей тың, ауласында гүлдер өсіріп, тіршілігін жасауда. Көзі нашарлап, екінші топтағы мүгедек болса  да  газеттерді, кітаптарды үзбей оқиды. Қарт майдангердің  ұзақ өмір сүруінің құпиясы  салауатты өмір салтын ұстануы, жайдарлы мінезі, өмірге деген құштарлығы, адамдарға деген мейірімі.

Бізге  бейбіт өмір сыйлаған ардақты да аяулы ардагерлерімізге алғысымыз шексіз. Қиын қыстау кезеңде еңселерін түсірмеген қарияларымыз  отандастарын сабырлыққа шақырады, ел болып табиғат апатын жеңеміз, ол өткінші нәрсе, мойымаңдар деп кеңес береді.