Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар қатары азаймай тұр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Мәжіліс барысында жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді басқа мақсатта пайдалану және өзге де маңызды мәселелер баяндалды.
Өткен жылы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумағын зерделеу нәтижесінде 63 кен аумағынан кемшілік анықталған. Осылайша 5 млн. текше метр кен орны аумақтан тыс қазылғаны белгілі болды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов айтты. Оның сөзінше, полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалғанымен бүгінге дейін сараптама күтіліп отыр.
Нұржігіт Мырзахметов, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 107 лицензия негізінде жұмыс істейді. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары және Арыс қаласы аумағында орналасқан. Келісімшарттық міндеттемелерді толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 9 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты мерзімінен бұрын тоқтатылды. Және 7 келісімшарттың қолданысы уақытша тоқтатылды».
Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, жұмысы тоқтағандар тарапынан әкімдік өкілдеріне шағым жазушы саны артқан. Облыс аумағында бір жылда өткізілген 400-ден астам рейдтің қорытындысымен өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып сатып жүрген 276 техника айып тұраққа қойылып, 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілген. Ал облыс әкімі заңды белден басатындарға қарсы күресті күшейту керектігін тапсырды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қарсылық жоқ. Алайда заңды белшеден басып жатқандарқа қарсы күресті күшейту керек. Өзіміз өзімізге кедергі жасамайық. Барлық жауапты басшылар отырсыздар. Бірақ нәтиже шамалы. Осының өзі жұмыстағы шалалықты көрсетеді».
Мәжіліс соңында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында жауапты мекемелерге бірлесіп жұмыс атқару ұсынылды.