Түркістан облысында 6 жарым мыңнан астам қуғын-сүргін құрбанын ақтауға ұсынылды. Бұл туралы бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Оларды кім ақтайды?
Шымкенттіктер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. 2021 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» жарлыққа қол қойған еді. Сол уақыттан бері мамандар оңтүстік өңірі бойынша 6 жарым мыңнан астам адамды ақтауға ұсынған.
Гүлнәр Шардарбекова, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің басшысы: «1928-30 жылдары бай-кулактарымыз саяси қуғын сүргінге ұшырап, мал-мүліктері тәлкілеуге ұшыраған. Ол кісілер жер аударылды. Бірі Ташкентке, бірі Қытайға, енді бірі Ауғанға бір түннің ішінде үдере көшкен еді. Біз барлығын қосқанда Түркістан облысы бойынша 6546 адамды ақтауға ұсындық. Бұл біздің 3 жылда жасаған ісіміз»
Жауаптылардың сөзінше, ақтауға ұсынылған азаматтарға тағылған айып әлі жойылған жоқ. Ал, оларды Түркістан облыстық прокуратурасы ақтайды. Тиісті зерттеу жұмыстарынан кейін мемлекеттік тұрғыда ақталғандар тізімі жарияланады.
Гүлнәр Шардарбекова, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің басшысы: «Биылғы біздің жоспарымыз бойынша «жазықсыз жазаланғандар» деген анықтамалар жинағы шығады. Онда архивтік құжаттардың негізінде 550-ден аса жазықсыздан жазықсыз жазаланған азаматтардың өмірбаяны жазылады. Біз оларды тек архивтік құжаттардың негізінде жазамыз»
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға келгендердің басым бөлігі жастар. Соның бірі – Айнұр Баймұханбетова. Ол бүгінгі шарадан құнды ақпаратқа қанық болдым дейді.
Айнұр Баймұханбетова, студент: «Бүгін біз қуғын сүргінге ұшырап, аштықтан қаза болған адамдарды еске алдық. Алаш үшін еңбек еткен, жан тапсырған қоғам қайраткерлерін жақыннан танып жатырмыз. Осындай шараларға әрқашан зор ықыласпен келемін. Және де бүгінгі ақпараттармен достарыммен де бөлісемін. Бұл ақпараттар бізге өте пайдалы болды»
31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Еске сала кетсек, өткен ғасырдың алғышқы жартысында елімізде 125 мыңнан астам азамат қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген.