АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған 1804 адам тіркеуде тұр

51

Мамыр айының әрбір үшінші жексенбісі халықаралық АИТВ-дан қайтыс болғандарды еске алу күні. Бұл күні аурудың алдын алу жолдары мен оған қарсы күрес шаралары өтеді. Инфекция жұқтырған жағдайда не істеу керек? Бүгінде мегаполисте қанша адам тіркеуде тұр?

Жүзін көрсетпеуді өтінген бұл әйел 18 жылдан бері АИТВ, яғни ВИЧ инфекциясымен өмір сүріп келе жатыр. 32 жастағы шымкенттік бұл ауруды 2006 жылы ауруханадан жұқтырғанын айтады.

Аида (есімі өзгертілген), Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен 2006 жылы ауруханада АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырдым. Ол кезде жасым 14-те еді. Ол кезде маған ешкім бұл туралы айтпады, себебі анам қарсы болған. Менің жасым 16-ға келген кезде дәрігерлердің шешімімен айтуға тура келген. Дәрігерлердің, психологтардың көмегімен сол кезде маған өзімнің диагнозым туралы айтылды. Қазір мен отбасылымын. Күйеуім бар. Аллаға шүкір, 2 балам бар. Қазіргі уакытта осы АИТВ терапияны уақытылы қабылдауымның арқасында күйеуім де сап-сау. Және де екі баланы да дені сау етіп өмірге алып келдім»

Бүгінде мұндай диагнозбен өмір сүріп жатқандар аз емес. Олар күнделікті ем қабылдау арқылы өздерін жақсы сезінетіндерін айтады. Мына шымкенттік тұрғын бұл сөзімізге дәлел бола алады. 10 жылдан бері осы диагнозбен өмір сүріп келе жатқан жан бұл инфекцияны қайдан жұқтырғанын білмейді. Тек аяғы ауыр кезде әйелдің бойынан осы ауру анықталған екен.

Кристина (есімі өзгертілген), Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл диагнозбен өмір сүру қиын емес. Тек дәрігерлердің айтқанын орындау қажет. Ал кей адамдар бұл препараттарды ішкісі келмейді. Олар тіпті ауруханаға келіп, қан талдау-сараптамасын жасағысы келмейді. Мен 10 жылдан бері дәрі қабылдап келе жатырмын және өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай шағымым жоқ»

Бүгінде мегаполисте АИТВ инфекциясын жұқтырған 1804 адам тіркеуде тұр. Бұл ауруын білетіндер ғана болса, оны білмейтіндер қаншама. Ал былтыр бұл аурудан 2 адам көз жұмған. Мамандар бұл инфекцияны уақытылы білу адам өмірін сақтап қалады дейді. Айта кетейік, ауруды жұқтырған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы тегін ем шара алуға құқылы.

Ербол Есіркепов, Шымкент қалалық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары: «Жақындасуға дейінгі профилактика деген бар. Яғни, егер де адам жаныстық қатынасқа түсер алдын, серігінде АИТВ инфекциясы бар деп күдіктенсе, қатынасқа дейінгі профилактикалық дәрі-дәрмекті ішуге болады. Ол профилактикалық дәрі-дәрмектер мемлекет тарапынан тегін түрде беріледі. Оны ҚР азаматтары, Шымкент қаласының тұрғындары келіп тегін түрде ала алады. Ал, жақындасудан кейінгі профилактика дегеніміз, ол жыныстық қатынастан кейінгі профилактика. Ол кезде адам жыныстық қатынастан кейін, ләжі болса 72 сағат көлемінде, яғни 3 тәулік ішінде тексерілуге келуі керек»

Еске сала кетсек, 2006 жылы Шымкентте 149 бала мен 12 әйел АИТВ инфекциясын жұқтырған еді. Бұл қала ауруханасындағы дәрігерлер салғырттығы Қазақстан үшін нағыз қайғылы жағдай болды. Содан бері міне 18 жыл өтті, инфекцияны жұқтырғандардың көпшілігі бүгінде қалыпты өмір сүріп жатыр. Алайда келмеске кеткендер де жоқ емес. Ал бұл қайғылы оқиғаға кінәлілер абақтыға қамалған.