Академия оқытушысын ұрып өлтірген бе?

0
фото Отырар.кз

Шымкентте Медициналық академия оқытушысы ауыр соққыдан қаза тапты. Алдын ала болжамды мәлімет бойынша оны біреулер ұрып өлтірген болуы мүмкін.

Оны көшеден өтіп бара жатқан адамдар ес-түссіз жатқан жерінен тапқан. 16 мамыр күні түнде 1967 жылғы азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Мамандар мидың ауыр жарақатымен науқасты жансақтау бөліміне жатқызғанын айтады. Алайда марқұм комада жатқан күйінде ес жимастан көз жұмды.

«Науқасты қабылдау бөлімшесіндегі нейрохирург, травматолог, хирург, реаниматолог тексеріп, тексеруден өткізіп, «жабық бас-ми жарақаты» диагнозымен өте ауыр жағдайда, асперациялық синдром, кома 3-пен жансақтау бөліміне жатқызды. Науқасқа қойылған диагноз «Мидың ауыр жарақаты. Жансақтау бөлімінде науқасқа қарқынды емдеу терапиясы жургізіліп, өкпенің жасанды желдету аппаратына қосылды. Өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қосылғанына қарамастан жарақатының ауырлығына байланысты науқас ес жимастан 20 мамыр күні сағат 13:00-де қайтыс болды», – дейді хирург Мадияр Дүйсенов.

Қазірше жаға ұстатар жайтқа қатысты әлеуметтік желіде екі нұсқадағы ақпарат тарап жатыр. Бірінде білікті ұстазды мектеп оқушысы ұрып өлтірген десе, енді бірі марқұмды көлік қағып кеткен болуы мүмкін дейді. Ал полиция аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеді. Ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.

«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталды. Сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», – дейді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі