Аты бар, асфальті жоқ Ақтасты

 

Шымкенттегі Самал-3 шағынауданының тұрғындары Ақтасты көшесіне асфальт салып беруді талап етеді. Олар аты болғанымен заты жоқ көшеге 20 жылдан бері өзіміз тас төсеп келеміз дейді. Сөздерінше, асфальт мәселесімен жауаптыларға талай рет барған. Бірақ нәтиже жоқ.

Құрманғазы Кенжеев Самал-3 шағынауданындағы Ақтасты көшесіне алғаш көшіп келген байырғы тұрғынның бірі. 20 жылдан астам уақыт осында тұратын ақсақал айналадағы көшелерге жол түскенде бізді ұмыт қалдырды дейді. Мұндағы тұрғындар бірнеше рет өздері тас төсеп, жолдың ырымын келтірген. Бірақ, жаңбырлы күндері жай көлік тұрмақ, ауру-сырқауға келген жедел-жәрдем де кіре алмайды екен.

Құрманғазы Кенжеев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Басқа жердің бәрінде асфальт бар, біздің көшеде асфальт жоқ. Ең бірінші басталған Самал-3-тегі көше осы біздің көше еді. Ерте туып, кеш қалдық. Балаларымыз оқуға қыстың күні батпақтап бара алмайды. Такси шақырсақ, жол жаман деп келмейді. Жаздың күні шаң басады, қыста лай-батпақ. Ауру-сырқауымыз бар, жедел жәрдем шақырсақ, келуі қиын. Сол үшін бізге жол керек, асфальт керек! Мына тасты да өзіміз төсегенбіз кезінде».

Ақтасты көшесіндегі жалғыз мәселе бұл емес. Махамбет Абдуллаев жиырма жыл ішінде балаларға арналған бір алаңша да салынбады дейді. Бүлдіршіндер ойнау үшін бірнеше көше ары орналасқан алаңшаға барады екен. Ата-аналар баласы ойнауға барып келгенше жанын шүберекке түйіп отыратын көрінеді. Бұл мәселе бойынша да әкімдіктің есігін талай рет қаққанымен, жергілікті билік өкілдері құр уәде беріп қайтара береді дейді жиналғандар.

Махамбет Абдуллаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «2015 жылдары өтініш қылдық біз, «бос жер бар, балаларға алаңша салып беріңіздер» дедік. Анау алыста да бар, бірақ ол жаққа барса, балаларды қуып жібереді, сол жердің балалары ұратын да көрінеді. Жас балалар не біледі, жылап келеді. Осы жердің бос екенін айтты бізге. «Бос екен, сіздерге алаңша салып береміз» деп айтты бізге. 1 ай бұрын келіп, дайындап осы жерді, барлығы қуанып қалған еді. Тасын төгіп, жерін өлшеп дайындап еді, ертеңіне су сепкендей басылды. Бір дәу келді, соның жері екен деп».

Қалдықыз Ешова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әкімшілікке де бардық талай рет. Үш жылдан бері барып жатырмыз. «Болды салып береміз» дейді. Міне бір жерді белгіледі, енді ол жердің иесі бар болып шықты. Соны шешіп беріңіздер бізге енді. Балаларымыз кішкентай, қорқамыз, көше жағалап кетеді. Барғанмен ол жақ ойнайтпайды да мысалы. Есіктің алдында ойнай берейін десе, асфальт та жоқ. Білмеймін, 90-шы жылдардан қалып кеткен көше сияқтымыз қаланың ортасында тұрып».

Ал жауаптылар бұл жағдайдан хабардармыз деді. Аудандық әкімдіктің бөлім басшысы бұл аумаққа жоспарланып отырған алаңшаның аумағы 3 соттық жер екенін түсіндірді Сөзінше, 2023 жылдың желтоқсан айында «Абай әкімі аппаратына осы жер берілсін» деген қала әкімінің қаулысы шыққан. Ал биыл мердігер мекеме анықталып, белгіленген орынға жұмыс жүргізуге келгенде, басқа біреулер осы жерге тас төгіп жатқан.

«Біз енді ары қарай жердің иесінің құжаттарының заңдылығын анықтау үшін, Абай ауданы әкімдігінің тарапынан сотқа құжаттар дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта мердігер мекеме арқылы, біз жеңген жағдайда салып беретін боламыз. Халықтың ашынатыны да түсінікті жағдай, өйткені 50 дауыстан жинап, «Халық қатысатын бюджет» арқылы бұл жерді қала әкіміне ұсынған жер. Құрылыс материалдарын төгіп жатқан кісінің қолында легализацияның қағаздарының бар екенін айтып отыр бізге. 2007 жылғы легализация шешімімен алғанмын бұл жерді деп. Біз мұны заңсыз деп ойлап отырмыз»,- деді  Абай ауданы әкімі аппаратының инфрақұрылым бөлімінің басшысы Еркебұлан Насыр.

Жол мәселесі жақында шешімін таппақ. Ақтасты көшесінің тұрғындары үшін қуанышты жаңалықты автомобиль жолдары басқармасының мамандары жеткізді. Сөздеріне сенсек, жылдың екінші жартысында көшеге асфальт төселеді.

«Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан ағымдағы жылы Самал-3 шағынауданындағы жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 8 көше, оның ішінде Ақтасты көшесін орташа жөндеуден өткізуге сметалық-құжаттама әзірленген. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталғаннан кейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында асфальт төсеу жұмыстары басталады»,- деп мәлімдеді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мирас Сиванкул.

Айта кетейік, аудандық әкімдік өкілдері балалар алаңшасы салынатын жердің «жаңа» иесінің құжаты заңды, не заңсыз екенін анықтау үшін сотқа жүгінеміз деп отыр.