Шымкенттік балабақшаларда “Балаларға әлемді сыйлаймыз” челленджі басталды. Бұл идея балаларды қорғау күніне орай қолға алынып отыр. Алғаш болып іс-шараға қатысқан 28-ші арнаулы балабақшасы белсенділік танытып, бүлдіршіндер бар өнерін ортаға салды.
Шымкентте балаларды қорғау күнін атап өту балабақшалардан бастау алды. 28 арнаулы бөбекжай балабақшасында бүлдіршендер мерекелік концерт қойып, спорттық жарыстарға қатысты. Балалар сурет салып, көрме ұсынды. Іс-шараға келген қонақтар балалар дайындаған бауырсақтан да дәм татты.
«Балаларды қорғау күніне арналған «Біз әлемді сыйлаймыз балаларға» деген челлендж өтіп жатыр. Балабақшадағы 180 баланың барлығы осы іс-шараның ішінде жүр. Балабақшадағы іс-шараға атсалысқан барлық топтың ата-аналары бар және осы бақшаның педагогтары балаларға қуаныш сыйлау мақсатында бүгінгі іс-шарада көптеген қалашықтар көптеген қалашықтар ұйымдастырдық», — дейді №28 «Гауһар» арнаулы коррекциялық бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Ұлдархан Такибаева.
Мереке қарсаңында “Балаларға әлемді сыйлаймыз” атты челленджді алғаш болып сөйлеу функциялары ауыр және жеңіл бұзылған балалар бақшасы бастады. Мұнда бүлдіршіндердің бейініне арналған қалашықтар құрылып, балалардың музыкалық, сурет салу, ән мен күй, жалпы шығармашылық дамуына арналған қойылымдар қойылды.
Баян Жандосова, «Шымкент қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Жұмыстарын көрдік, нәтижелері бар. Бала бояудың түрін біледі, қолымен нан илеп, жұмыс істей алады. Бұл үлкен нәтиже. Өйткені бұл жерге келгенде балалар қасықты да ұстай алмайды».
Бүгін мерекеге орай балабақша бүлдіршіндеріне жергілікті кәсіпкер 180 доп сыйға тартты. Айта кетейік, биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған айтулы челлендж тағы 6 балабақшада жалғасады.