Балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы

31
фото: korolevstvo-ulibok.ru

МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым қызмет көрсеткен болса, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, 156-сы жекеменшік медициналық ұйымдар. Еңбастысы халықтың таңдау құқығы бар.

 

Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлім етті.

Спикердің айтуынша, жекеменшік медициналық ұйымдардың ішінде 89 стоматологиялық мекеме МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуде. Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы.

Ал, шұғыл жағдайда  18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.

Филиал тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, халықты сапалы әрі уақытылы медициналық көмекпен қамту, қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыру — МӘМС жүйесінде медициналық қызмет берушілерге қойылатын негізгі талаптар. Былтыр мәселен емханалар тарапынан уақытылы медициналық қызмет көрсетілмеуіне байланысты 500–ге жуық шағым тіркелген. Азаматтардан түскен 65 шағым бойынша жоспардан тыс мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 22-нің негізділігі анықталған.