Бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен жымқырған азамат бас бостандығынан айырылды

фото zhmb.sud.kz
Құқық бұзушы К. 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылғы наурыз айлары аралығында бірнеше жергілікті азаматтарды вахталық жұмысқа орналастырып беремін деп уәде беріп, алаяқтық жолмен білдірген сенімді теріс пайдалану жолымен іс бойынша жалпы 30 жәбірленушіге 5 264 700 теңге көлемінде материалдық залал келтірген.
Сотталушының алаяқтық құқық бұзушылық әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 3),4) тармақтарымен қылмыстық іс қозғалған.
Қылмыстық іс сотта қаралып, істі қарау кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, жәбірленушілерге залал келтіргенін, жасаған әрекеттеріне шын ниетпен өкінетінін айтып, азаматтық талаптарды мойындады.
Жәбірленушілер құқық бұзушы К. алаяқтық жолмен сенімдеріне кіру арқылы қаражаттарын иемденіп, қазіргі таңда қаржыларын қайтармағанын көрсетіп, сотталушыға кешірім бермейтіндерін және азаматтық өндірісте қаралудағы талап қоюды қанағаттандыру арқылы шығынды өндіруді сұрады.
Сот, сотталушы К.-ның кәмелет жасқа толмаған балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін шын ниетпен өкініп, жасаған қылмыстық әрекеттерін мойындауын жазасын жеңілдететін мән-жайларға жатқызды, ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен сотталушы К. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 3) 4) тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді. Сонымен қатар, азаматтық іс бойынша талапкерлердің талап қоюлары толығымен қанағаттандырылып, келтірілген мүліктік залалдар өндірілді. Үкім заңды күшіне енбеген.