Изоляторда денсаулығы сыр берген М. Исахов сотқа онлайн қатысып жатыр

36
Отырар.кз

Бүгін қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Процесске сезікті ауруханада жатуына байланысты онлайн түрде қатысты. Ал бұл жолы прокурордың өтініші бойынша жасалған аудио сараптама нәтижесі тыңдалды.

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бұл процесске Мақсұт Исахов денсаулық жағдайына байланысты онлайн түрде қатысты. Алдын ала мәлімет бойынша бүгін жарыссөз басталуы керек болатын. Отырыста Сарбасов пен Исаховтың арасындағы аудио жазба сараптамасының қорытындысы тыңдалды.

«Зерттеуге ұсынылған коммуникант Исахов Сарбасовқа қарағанда белсенді роль атқарған. Олардың сөздерінде ортақ іс-әрекетті бірлесіп атқару туралы, әрекетті орындау барысын бақылау, қандай да бір әрекеттердің барысын баяндауға бағытталған есеп беру тілдік актілері келтірілмеген. Исахов пен Сарбасовтың сөзінде жасырын және жанама мағына келтірілген. Әңгіме барысында сөздерді жасыруға арналған меңзеу, нұсқау есімдіктерін қолданған», — дейді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинұр Қарабаев.

Сараптамаға жіберілген аудионы зерделеу үшін айыптаушы мен айыпталушы тарап 51 сұрақ жіберген. Алайда мамандар оның бәріне жауап іздеу өз құзырына кірмейтінін айтып, бірқатар сауалды кері қайтарған. Оны сарапшы маман да растап отыр.

«Психологтардың өздерінің құзырына кіретін сұрақтар бар. Филологтардың өздеріне арналған сұрақтар бар. Біздің институтта бұл зертеу жүргізу түрі бойынша психолог маман жоқ болуына байланысты психологтың сұрақтарын алып тастадық», — дейді сарапшы маман Балжан Жүнісова.

Айыпталушы тарап заңгері мен Мақсұт Исахов сұрақтарға толық жауап ала алмауына байланысты сараптаманы басқа қалада қайта тағайындауға өтініш білдірген еді. Алайда судья шешімімен ол қанағаттандырылмады.

Айта кетейік, аса ірі көлемде пара берді деген күдікке ілінген қала әкімінің экс-орынбасары бірнеше жылдан бері мазалап жүрген тромбозға қатысты ауруханаға түскен. Туыстарының сөзінше егер Исахов өз уақытында тиісті дәрежеде ем қабылдамаса, ол мүгедек болып қалуы мүмкін. Ал сот отырысы ертең жалғасатын болады.