«Куликова мектебі» деген осындай!: Аңыз әйел — 80 жаста

41

«Отырар» медиахолдингінің негізін қалаушы Валентина Куликова 80 жасқа толды. Оның журналистикаға қосқан еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Тіпті ол бүгінде зейнет демалысында болса да, жеке блогын жүргізіп, өткір мәселелерді көтеріп жүр. Куликова мектебінен шыққан тәрбиеленушілер кәсіби ұстаздарын мерейтойымен құттықтады.

«Отырар» медиахолдингінің негізін қалап, талай талапшыл шәкірттерге қанат қақтырған аңыз әйел, Валентина Куликова — 80 жасқа толды. Ол айтулы арнаны осы дәрежеге жеткізіп қана қоймай, елімізге танымал журналистерді де тәрбиелеген. Оның мектебінен шыққандар бүгінде шетел асып, табысты еңбек етіп жүр. Валентина Куликова көптеген тілші үшін кәсіби басшы ғана емес, ол — ана!

Еңбекқор басшы, «Отырардан» қанат қаққан журналистердің анасына айналған Валентина Куликова 80 жасқа толды. Жан дүниенің нәзіктігі, көңілді әзіл бұл оның басты ерекшелігі. Ол өзінің зейнет жасында да, жеке блогын жүргізіп, өткір мәселелерді көтеріп жүр.

Валентина Куликова, «Отырар» медиахолдингінің негізін қалаушы: «Баршаңызға көп рахмет. Газеттегі құттықтауларыңызды да көрдім. Мен өте қуаныштымын. Менің өмірімде телевизия саласын өмірдің мәні екеніне сеніп өмір сүретін адамдар бар. Мен үшін бастысы осы».

Валентина Куликованы туған күнімен құттықтауға шәкірттері келді. Бұл журналистика әлемінде жүрген танымал жандар сол Куликова мектебінен шыққан. Валентина Куликова олар үшін телевизия саласына жол ашқан алғашқы басшы.

Зәуре Оралбаева, В. Куликованың шәкірті: «Куликова мектебінен өткен талай журналист Қазақстанның түкпір-түкпірінде, тіпті шетелде де еңбек етіп жүр. Ешқайсысы жерге қарап қалған жоқ. Міне, Куликова мектебі деген сондай. Ол шыңдайды, ол тәртіпке салады, ол талап етеді»

Жәнібек Нұрыш, В. Куликованың шәкірті: «В.Куликова мен университет бітіргеннен кейін, мені тілші ретінде алғаш жұмысқа қабылдаған адам. Содан кейін «Оңтүстік Рабатқа» тілші етіп ауыстырып, кейіннен шеф редактор, және бүгінгі таңда бас редактор болуыма дейін жеткізген осы кісі. В.Куликованы біз «апа» деп айтамыз. Ол кісінің кәсіби журналистикада тақырып таңдауға, идеяны дамытуға, форматты дұрыс таба білуге, жалпы журналистикаға адал болуға үйреткен тәлім мен тәрбиесі маған бүгінгі таңда көп пайдасын тигізіп, өсуіме, дамуыма әрдайым жол көрсетіп келеді»

Мақсат Жақсыбаев, В. Куликованың шәкірті: «Ол кісі жай ғана мен үшін емес, бүкіл Шымкент үшін аңыз адам сияқты. Себебі ол кісінің қолында тәрбиеленген қаншама журналистердің көбісі қазір республикалық арналарда жүр. Бірінші Алла, содан кейн осындай кісілердің арқасында қаншама журналистер тәрбиеленіп шықты. Қаншама журналистердің шеберханасы жасалды. Осындай кісілерді әрине құрметтеп өтеміз. В.Куликованың тәрбиесін көрдік, ұрысын да естідік, бірақ пісіп шықтық қой»

Валентина Куликова бүгінгі мерейтойында баршаға тек жақсылық тіледі. Ал журналистерге бұл салада жылдамдық пен ізденімпаздылық керек дейді. Біз «Отырар» медиахолдингі алғашқы басшымызды 80 жас мерейтойымен құттықтаймыз! Сіздің сіңірген еңбегіңізді біз әрқашан бағалаймыз!