Құрылысы 2017 жылы басталған газ станциясы пайдалануға берілді

42

Түркістан облысында құрылысы басталып, аяқсыз қалған нысандарды іске қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Небәрі 1 жарым жылда газ саласының өзінде 40-қа жуық нысанның мәселесі шешілген. Қазығұрт ауданында құрылысы 2017 жылы басталып, аяқталмай қалған газ станциясы бүгін іске қосылды.

Қазығұрт ауданында автоматтандырылған жаңа газ тарату станциясы іске қосылды. Нәтижесінде 9 елді мекен халқы көгілдір отынмен қамтылмақ. Ал қазіргі уақытта оның 6-ына газ беріліп үлгерді. Еске салайық, бұл станцияның құрылысы 2017 жылы басталған еді. Бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған нысан енді ғана аяқталып, пайдалануға берілді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл нысанның құрылысы 2017-де басталып, 2019 жылы аяқталған екен. Бірақ соны қайтадан пысықтап, қазір тапсырып отырмыз. Қазығұрт ауданындағы 61 елді мекеннің газға қосылмаған төртеуі ғана қалды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Инфрақұрылыммен қамтылу жағынан ең дамыған аудандардың бірі»

Өңірде соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды аяқтау жұмыстары қарқын алып отыр. Бүгінде Түркістан облысында 40-қа жуық тоқтап қалған газ нысанының мәселесі шешілді. Нәтижесінде 1,5 жылдың ішінде 120 мың абонент табиғи газбен қамтылған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Осының бәрі бірліктің арқасында. Президентіміздің тапсырмасының арқасында. Бұрын «Интергаз» бен «ҚазТрансГаз» бөлек болушы еді. Қазір енді ауызбіршілік көрсеткеннің арқасында 50-ден аса нысанды бітіріп тастадық»

Ал биыл өңірді газдандыру жұмыстарына 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. 71 нысанның құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 38-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр.https://youtu.be/4sI4kQfGyOQ?si=tynkv4h27rvFYFId