Қымбат тариф – кәсіпке тұсау

37
фото Отырар.кз

Шымкентте кәсіпкерлік нысандарға арналған коммуналдық желілер тарифі қымбаттады. Осыған байланысты бизнес иелерінің мүддесін қорғау үшін қоғамдық кеңес мүшелері өз шешімін ұсынды.

1 сәуірден бастап, өндіріс аумағындағы кәсіпорындар үшін электр энергиясын тұтыну тарифы қымбаттады. Соның салдарынан кәсіпкерлер шығыны 2 есе өскен. Қуат Аманжолов «Жұлдыз» индустриалды аймағында 2 жарым млрд. теңге инвестиция салып, металлургиялық зауыт құрылысын бастаған. Ол энергия үшін баға көтерілуі енді ғана жұмыс бастағандар үшін ауыр дейді.

«Шетелден бүкіл құралдар келіп жатыр. Бұйырса еліміздегі металлургия саласы бойынша екінші зауытпыз. Біз әлі жұмыс бастамадық. Сонда біз енді не істейміз? Сіздерден көмек сұрамақшы едік. Бұрын 28-29 теңге болған. Енді 41,44 теңге болып кетті. Бұл қалаға арналған тариф. Біз жұмысты бір сағатқа да тоқтатуға болмайды. Себебі біздің құрылғылар 24 сағат электр энергиясына қосулы болуы керек. Біздің қасымызда «KEGOC» бар. Мүмкін соған қосылармыз. Үстінен қызметі үшін төлеуге болады. Ол кезде қымбат болмас еді», — дейді кәсіпкер Қуат Аманжолов.

Ал кәсіпкерлік басқармасы қазір электр өндіруші компаниямен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады. Олар келіссе баға 20 мен 25 теңге аралығын құрауы мүмкін. Алайда шешімнің нақты қашан шығатыны белгісіз.

«KEGOC-тан» тіке электр жарығын алу туралы сөйлесіп көрдік. Бірақ оның нақты шешімі жоқ. Алдыңғы жолы айтқандай солтүстіктегі Energy.kz деген компаниямен сөйлестік. Жақында анық болады бәрі», — дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.

Кәсіпкерлер бұған дейін бұл мәселені комиссия отырысында көтерген еді. Сондықтан қоғам белсенділері проблеманы қолға алып, өз ара шешу жолдарын талқылады.

«Электр энергиясы 26,2 теңгеден жаңа тарифтің 1 киловатты 47,2 теңгеге бірден көтерілуі кәсіпкерлер мен халықтың көтерілуіне себеп болды. Сондықтан «Энергопоток» тарифті 37 теңгеге түсірді. Бірақ қосымша құн салығымен қосқанда 41,44 теңгені құрады. Бұл кәсіпкерлердің бизнесін жабуына түрткі болып жатыр. Сонымен қатар өнімдердің құнын 20 пайызға өсіп, шетелдік өніммен салыстырғанда бәсекелестік төмендейді. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының төмендеуіне әкеп соғады», — дейді қоғамдық кеңес мүшесі Нұргүл Қобланова.

Қоғам белсенділері мәселе шешілу үшін индустриалдық аймақтар да электр энергиясын көтерме бағамен сатып алатын бірлестік құру қажет дейді. Және су, электр, газ, кәріз желілерін қосатын мердігерлер мекеме жүргізіп жатқан коммуникациялық желілер картасын көрсетуі қажет деп санайды.