Салықтық берешегін мерзімінде өтемеген заңды тұлғаның есеп шоты бұғатталады

41
фото Отырар.кз

Салықтық берешегін мерзімінде өтемеген заңды тұлғаның есеп шоты бұғатталады. Салық Кодексінің 124 бабына сәйкес, салық төлеушінің билік ету шектелген мүлкін бюджетке берешек есебіне өткізу арқылы өндіріп алу да қарастырылғанын заңды тұлғалар ескергені жөн деп кеңес береді мамандар.

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу келесі тәртіппен жүзеге асады. Банктік шоттардағы ақша есебінен. Дебиторлар шоттарынан. Билік ету шектелген мүлікті шығару түрінде жүргізіледі. Заңды тұлға салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама өзіне табыс етілгеннен кейін 40 жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші- заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.

Нұрсұлтан Оразбаев, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасындағы өндіріп алу бөлімінің басшысы: «Берешек пайда болғанда, мамандар салық төлеушінің кабинеті арқылы хабарлама жібереді. Мерзімінде өтемеген жағдайда мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылады».

Салық органы тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекел деңгейі жоғары немесе орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші- заңды тұлға, оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезиденттер, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамның банктік шоттарында және оның дебиторларының банктік шоттарында ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған не шоттары болмаған жағдайларда, оның келісімінсіз салық төлеушінің билік ету шектелген мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы қаулы шығарады.

Салық төлеуші және үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің билік ету шектелген мүлкін өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Салықтан түскен қаражаттың бір бөлігі қаланың дамуы үшін жұмсалады. Сол үшін де жеке кәсіпкерлер заң талаптарына бағынып, салықтық берешекті дер кезінде төлем отырғандары жөн деп ескертеді салықшылар.