Сенбілікке 100-ге тарта коммуналдық қызметкерлер жұмылдырылды

304
фото Отырар.кз

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын тапты. Қаланың бірнеше жерінде тазалау жұмысы жүргізіліп, саябақтар мен тұрғын үй аулалар маңы жиналды. 

Шымкентте бүгінгі «Таза Қазақстан» акциясы Абай ауданынан басталды. Игі шараға бұл жолы аймақ ақсақалдары мен тұрғындар атсалысты. Тазалық жұмысына білек сыбана кіріскен жергілікті азамат Жақсылық Елтаев бұл жас ұрпаққа көрсеткен үлгілі ісіміз дейді.

«Тазалық алдымен адамның денсаулығына керек. Көктемде алдымен осындай көк шөптерді халық бірлесіп тазаласақ, ертең күн ысығанда өрттің алдын алады. Сонымен қатар шыбын-шіркей болмайды. Бұл тазалық жұмысын жүргізіп жатқанына қуаныштымын», – дейді Қызылжар елді мекенінің тұрғыны Жақсылық Елтаев.

Науқан аясында мамандар гүлзарлар ішін күл-қоқыстан арылтып, ағаштардың артық бұталарын отап жатыр. Ал сенбіліккке аймақтағы 100-ге тарта коммуналдық қызметкерлер жұмылдырылған.

«Біз осы жердегі 2 гүлзарды ретке келтіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде шөп ору жұмыстары, өздеріңіз көріп тұрсыздар, мұнда орындықтар бар, қоқыс салатын жәшіктер бар. Соларды сырлау, талдарды ақтау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Ал Еңбекші ауданында тұрғын үй аулалары мен көше бойы жиналды. Жауапты мамандар акцияға әкімшілік аумақ тұрғындары да белсене қатысқанын айтады.

«Балалардан бастап, ақсақалдарға дейін келіп қатысып жатыр. Бұл 1 күнмен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасады. Мұнда тек мекемелер емес, қоғамдық бірлестіктер, ақсақалдар ұйымы, тұрғын үй жетекшілерінен қолдау тапты», – дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев.

Айта кетейік, ауданда науқан басталғалы бері 132 шақырым ирригациялық жүйелер тазартылып, 900 тоннаға тарта қоқыс шығарылды. Ол іс-шараға 23 мыңнан аса адам қатысып, қолғабыс көрсеткен.