Салық кодексіндегі өзгерістер туралы семинар өтті

1
фото Отырар.кз

Шымкентте Kaspi.kz жетекші технологиялық компаниясының қолдауымен бухгалтерлер мен бизнесмендерге арналған семинар өтті. Онда көтерілген негізгі тақырып салық кодексіндегі жаңалықтар мен жалпыға бірдей декларация. Іскерлік кездесуге қатысушылар сарапшы мамандарға сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды. 

Салық кодексі шеңберінде айыппұлсыз, өсімпұлсыз және сенімді түрде бизнес жүргізіңіз. Шымкентте кәсіпкерлер мен есепшілер бір жарым миллион аудиториясы бар салық саласының сарапшысы Екатерина Киммен іскерлік кездесу өткізді. Kaspi.kz қолдауымен ұйымдастырылған семинарда кәсіби мамандар тегін кеңес берді.

«Мен бұл маманнан басынан бастап, сабақ алып, бизнес жүргізу жолдарын үйреніп келемін. Ол тәжірибе жүзінде нақты ақпараттарды көрсетіп береді. Енді 2025 жылы Салық Кодексі өзгеруі мүмкін. Осында келіп, сол жаңашылдықтарды үйренемін», – дейді есепші Әсем Отарәлиева.

Күн тәртібінде жаңа Салық Кодексін енгізу мәселесі тұр. Өзгерістер әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне әсер етеді дейді сарапшы маман.

«Енді бізде, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері үшін жаңа режимдер пайда болады. Қазір негізінен кассалық тәртіпті сақтауда қателіктер көп. Біз осылай Қазақстанның қалаларын аралап жүріп байқағанымыз кәсіпкерлер көптеген қате жібереді. Бұл болашақта үлкен айыппұлдарға, тіпті бизнестің банкротқа ұшырауына әкелуі мүмкін», – дейді «Налоги Алматы» қауымдастығының төрағасы Екатерина Ким.

Александра Томашевич бухгалтерлік агенттік басшысы. Ол өзін камералды бақылау хабарламалары, айыппұл мен тәуекелдің болмауы сынды мәселе толғандыратынын айтады. Сондықтан кездесуге келіп, пайдалы кеңестер алдым дейді.

«Барлық кәсіпкерлер мен есепшінің негізгі мәселесі қосылған құн салығына байланысты болып жатады. Мысалы жақында камералды бақылаудан келген хабарламаға қалай жауап беру керектігін, үйреніп алдық. Өзіміз тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігі туды. Мұнда пайдалы ақпараттарға қанықтық. Бұл кәсіпкерлер үшін де, есепшілер үшін де пайдалы дүние», – дейді бухгалтерлік агенттік басшысы Александра Томашевич.

Кездесуге Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері де қатысты. Олар жалпыға бірдей декларациялау туралы мәлімет беріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

«Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты – көлеңкелі экономикамен күрес. Сыбайлас жемқорлықпен күрес. Және де салықтарды жинауда мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі басталған болатын. 3-ші кезеңнің шеңберінде декларацияны жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғаның басшылары және оның құрылтайшылары мен жұбайлары тапсыруы қажет. Бүгінгі таңда Шымкентте 165 мыңнан астам кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар тіркелген. Оның ішінде тапсырғаны 55 мыңды құрап отыр», – дейді Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жалпыға бірдей декларациялау және жеке тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Шохан Омарбек.

«Әлеуметтік желіде қорқытып декларация туралы ақпаратты дүрліктіріп жіберді. Негізінен ешқандай да қорқынышты емес. Оны толтыру да соншалықты қиын емес», – дейді салық саласының сарапшысы Екатерина Ким. 

Мұндай іскерлік кездесу Kaspi.kz қолдауымен Қазақстанның барлық аймақтарында өтіп жатыр. Ал 27 маусымда Астанада еліміздегі ең ірі салық саласы туралы форум өтеді. Оған 3 мың қазақстандық кәсіпкер қатысады деп жоспарланған.