Шардарада «жезөкшелер ордасын» ұйымдастырған топ ұсталды

146
ТО ПД баспасөз қызметі

Шардара ауданында «жеңіл жүрістілер» ордасын ұйымдастырып жеңгетайлықпен айналысты деген топ құрықталды.

Полиция мәліметінше жергілікті азаматтар тұрғын үйлердің бірін адам тәнін саудалауға арналған притонға айналдырған. Жедел-іздестіру шарасы барысында 6 күдікті азамат құрықталып, қамауға алынды.

«Полицейлер Шардара қаласындағы іс-шаралар барысында, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру фактісін анықтады. Жедел уәкілдер притонның 2 әкімшісін, Қазақстанның 4 азаматын ұстады. Сондай-ақ, ақшалай қаражат пен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда», — дейді ТО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғалымбек Тұрысбеков.

Ал Жетісайда түнгі уақытта жер қойнауын заңсыз пайдаланбақ болғандар анықталды. 9 адамнан құралған топ басшысы бұрын сотты болған. Оларды тінту барысында 1 жүк тиегіш көлік, 7 жүк көлігі, 2 аңшылық мылтық, патрондар сынды айғақ заттар тәркіленді. Қазір тергеу жүріп жатыр.