Шенеуніктер Ұлы Отан соғысы ардагерінің ауласын тазалады

фото Отырар.кз

Бүгін Шымкент тұрғындары 20 тоннадан астам қоқысты жинады. Жаппай сенбілікке студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары және тіпті ардагерлер де қатысты. 

Өзінің 100 жасында сергек, көңілді әрі белсенді Ұлы Отан соғысының ардагері де тазалық жаршысы. Нина Мосунова еріктілерге қоқысты қалай және қайда жинау керектігін көрсетуде. Бүгінде майдангердің үйінің аумағын шенеуніктер, студенттер және қала тұрғындары тазалап жатыр. Нина Мосунова қартайғанша бақшасына өзі қараған, қазір ардагердің көптеген көмекшілері бар.

Нина Мосунова, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Қазір бақшама немерелерім қарап жатыр, жалпы менің аулам әрқашан да жайқалып тұрады. Мен бау-бақшамды гүлдерсіз елестете алмаймын. Әсіресе көктемде барлық жер құлпырып кетеді».

Шымкент нағыз жасыл қалаға айналады. Экологиялық акцияға қатысушылар бұл мақсатта белсене жұмыс істеп жатыр. Әр саябақ, аллея, тарихи-мәдени кешен, ғимараттар мен әрбір аулада тазалық жұмыстары жүруде. Бүгін мегаполистің орталық бөлігінде сенбілікке қатысушылар орындықтар мен шарбақтарды бояп, ағаштарды ақтады. Бір күнде қаладан 20 тонна қоқыс шығарылды.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласының әкімінің орынбасары: «Таза Қазастан» акциясы жүріп жатыр. Бұл жерде қоршаған ортамызды, ауламыздың, үйіміздің, жалпы адамдардың бір-біріне деген қатынасының тазалығы, адамгершілік, мораль мәселелері қамтылған дүние. «Таза Қазақстанның» осы апталығы «Өнегелі ұрпақ» мәселесіне арналып отыр. Бұл жерде ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы деген әңгіме».

Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін қала бірнеше аймаққа бөлінген. Мегаполис тұрғындары өздеріне тапсырылған аумақтарда сенбілік жүргізеді. Айта кетейік, осыдан төрт апта бұрын елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған еді. Қазір республикалық акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығы өтіп жатыр.