Шымкент жастары 100-ге келген ҰОС ардагерінің үй ауласын тазалап берді

5

(Фото: Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма)

Шымкентте «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында қариялар мен ардагерлерін үйін тазалау, шөптерін орып, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстары жалғасуда.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында қала әкімінің Сәрсен Құранбек бастаған бір топ белсенділер, студент жастар, еріктілер ҰОС ардагері Нина Мосунованың үйіне барды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың мәліметінше, жастар кейуананың үй ауласын тазартып, ағаш түптерін қопсытты. Қоршауларды сырлады.

«Бізге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерлігін бағалау – біздің парызымыз. Біз – ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Ендігі парызымыз көзі тірісінде осы кісілерге барынша қамқорлық жасап, көмегімізді аямау.  Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін алғыс айтамыз, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

(Фото: Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма)

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 2 ғана соғыс ардагері қалған. Соның бірі – Нина Мосунова. Зейнеткер биыл 100-ге келіп отыр. Ол 1942 жылы әскерге өз еркімен аттанып, Можайск маңындағы соғыста қолына пулемет алып жауға қарсы шыққан. Соғыстан соң кассир, кітапханашы, хатшы-машинист болған. Бүгінде 2 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.

Нина әжей қала орталығындағы алақандай үйде немересінің қамқорлығында тұрып жатыр. ҰОС ардагері жиналған жастарға ризашылығын айтып, тіпті көзіне жас алды.

«Енді соғыс деген зұлматты жастар көрмесін. Елімізде тек бейбітшілік болсын»,- деді Нина Мосунова.